Жарнама
Жаңалықтар

Атырау өлкесі тарихының ақтаңгері

Atr.kz/17 мамыр, 2019 жыл. Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында «№1 қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен өлкетанушы, жазушы-публицист, «Құрмет» орденінің иегері Өтепберген Әлімгереевпен «Өлке тарихының ақтаңгері» атты оқырмандармен  кездесу кеші өтті.

Кешті ашқан қалалық мәдениет және Тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ақылбек Рысқалиев мерейгердің иығына шапан жапты, жұбайы Нәзира апайға да камзол кигізіп, құрмет көрсетті.

            Тағдыр дегеніңіздің өзі кейде адамды тумай жатып сынайды екен. Оған дәлел — біздің кейіпкеріміздің өмірі.  Дүние есігін ашар-ашпаста анадан айырылған шарананы әкесінің қарындасы Рабиға апа қойнына салып алыпты. Соғыстан соңғы уақыт, ел шаруашылығы тұралап қалған мезгіл.  Шешесіз жетім өсіп, ананың айналайынын естімей, ана омырауынан уызын жарып ембестен жалған дүниемен арпалысқа түсіп өскен  Өтепберген Әлімгерейұлы  бүгінде балалық шағын мұңмен еске алады. Арқалы ақын Мұқағалидың «Есімде жоқ бала боп өсіп пе едім,

Болсам неге жылы сөз есітпедім» деген өлең жолдары еске түседі осындайда. Алты жастан асар-аспаста Рабиға апасы ауырып, баланы қайтадан әке үйіне әкелуге мәжбүр болады. Екінші анасының тәрбиесінде болған ол мектепке барып, одан аудан орталығында ашылған мектеп-интернатта жатып оқып, есейіп, өмірге жолдама алады.

            «Мен үш адамға қарыздармын. Өмірге мені әкеліп, өзі сол перзентін көріп те үлгірместен бақилық болып, жастай арманда кеткен анам Минашқа, жаңа туған шақалақты адамасыл еткен әкемнің қарындасы Рабиға апама, мені бағып-қағып, өз әлінше жеткізген екінші анам Қайшаға» дейді ол кісі ағынан жарылып.  Мектеп-интернатта оқып жүрген кезінде кітапқұмар бала журналист болуды армандады. Қолынан кітабы түспейтін, көзілдірік киген ойшыл шәкірттен ұстаздары үлкен үміт күтетін.  Өз тұстастарынан ертелеу есейген ол сыныптастарын кітап оқуға шақырып, олардың да білім жолына түсуіне септігін тигізгенін кездесу кешіне келген сыныптастары мақтанышпен айтты.

           Жоғары сыныпта оқып жүрген кезінде алаштың абыз ақыны, теңіз жыршысы атанған Әбу Сәрсенбаевпен кездесу өтеді. Бала Өтепберген сол кешке өлең жазып барып, Әбу Сәрсенбаевтан бата алады. Сол алған бата оның өміріне жағылған шамшырағы, жол нұсқаушысы болғанын бүгінде тебіреніспен еске алады ол.

              Оқырмандар ортасындағы кешке Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Төлеген Жаңабаев, Қазақстанның Құрметті журналисі Айтқали Нұрғалиев, Қазақстан Ұлттық арнасы Атырау филиалының шеф-редакторы Дина Құспановалар мерейгердің өлке тарихына қосқан үлесін, қаламгерлік жолын кеңінен баяндады. Сонау Мақаш хакімнен бастап, ол жазбаған тақырып кемде-кем.

Басы ноқтаға сыймаған талай ерлер өткен біздің нарында. Соның бірі Құныскерей туралы жазған деректі повесінде кейіпкері туралы бұрын-соңды естілмеген деректерді келтірген. Құныскерейдің ізімен сонау Кушка қаласына дейін барып, мәліметтер тапқан, бейітіне топырақ салып, дұға оқыған. Қыздарымен сұхбаттасқан. Осының бәрі оның өзі зерттеген мәселеге бей-жай қарай алмайтындығын көрсетсе керек. Өзі қаузаған мәселелерді терең зерттеп, зерделеген ол 34 кітап жазса, оның 12-сі атырау өңірінің күйшілеріне арналған екен. Сол кітаптарда 150 күйші туралы эссе-очерк жазыпты. Жиналған жұртшылық Өтепберген Әлімгерейұлына сұрақтар қойып, әңгімелесіп, кітаптарына қолтаңбалар алды.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button