Атырауда Ауған соғысы ардагерлерін еске алды (+ВИДЕО)

img 20220215 wa0130 БЕЙНЕЖАЗБА

Биыл Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 33 жыл, деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.


10 жылға созылған сұрапыл соғыста қаза тапқан жауынгерлерді еске алу мақсатында «Жеңіс» саябағындағы «Мәңгілік алау» мен Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтары қойылды.

Мұнда Ауған соғысының ардагерлері соғыста қаза болған боздақтардың рухына тағзым етіп, бір минуттық үнсіздікпен еске алды.

Атырау облыстық ауған соғысы ардагерлері одағының дерегі бойынша, 1979-1989 жылдар аралығында өткен соғысқа 782 атыраулық қатысқан.

– Ауыр аманат арқалап, өмір мен өлім арасындағы қанды шайқаста батырлықтың ерен үлгісін көрсеткен  452 ауған ардагері ортамызда.  Өкінішке қарай, жылдан жылға біздің де қатарымыз сиреп келеді.

Бүгінгі күні соғыс ардагерлеріне үкімет тарапынан тиісті көмек көрсетілуде. Соғыстан зардап шеккен ардагерлерге арналған Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында әскери  госпиталь бар. Сонда 14 күн ем алып, тиісті көмек көрсетіледі. Мүгедектерге де арнайы курорт қарастырылған.

Біз, ардагерлер ретінде еліміздің көркейіп, соғыстың қайталанбауын тілейміз. Қан төгілген жер өкінішсіз болмайды. Зұлматты кезең қайталанбасын деген ардагерлердің бойында жастарға сенім бар. Біздің ерлігіміз  бүгінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге, – деді облыстық ауған соғысы ардагерлері одағының төрағасы Әлішер Кулов.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз