Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Атырау тұрғыны Энвер көгершін баптаудың құпиясымен бөлісті

Жақында қаладағы Зейнолла Ғұмаров көшесінің бойында сарықұйрықты көгершіндердің ұшып-қонып жүрген әдемі көрінісіне тап болдық.
Жақындап барсақ, көгершіндерге жем шашып, олардың асты-үстіне түсіп бір адам жүр екен. Сол жерде жетпіске иек артқан Энвер Сеттаровпен жақынырақ танысудың сәті түсті. Оның көгершін асырауға әуестігі бала кезден бар екен. Тіпті, Мажар елінде интернационалдық борышын өтеген екі жылда көгершін баптаудың сан әдісіне машықтанған көрінеді. Бүгінде ол қырық жылдан астам уақыт бейбітшілік құсымен достығы ажырамай, сүйікті ісін жалғастырып келеді.

6285f9ce 710d 4f7f a0f9 8d55073cd65c

Жүзге жуық көгершіннің қалықтап ұшып, жеміне қарай құлдилай келіп қонғанын бақылап жүрген «құсшының» көңіл күйіне қыстың салқыны да әнебір әсер етпейтіндей көрінді. Керісінше бар ынта-ықыласымен көгершіндеріне мейірім танытып, бәйек боп жүр.

Энвер Ризаевичтің айтуынша, қалада көгершін асырайтындар көп емес көрінеді. Былтыр Тұрғындар қалашығы шағынауданындағы көгершіндер көрмесіне Ресей елінен бірнеше көгершін асыраушы келіпті. Сол жерден көгершіннің өзге де тұқымын алуды ойлағанмен көңілінен шыққан тұқым болмаған.

– Көгершін асырау жастайымнан келе жатқан қызығушылығым ғой. Кейбіреулер «мұның қандай мәні бар?» деп сұрап жатады. Міндетті түрде пайдасы болуы шарт емес қой. Мен бұларды сойып жемеймін, оларды ұшырып, ойнатамын. Әсіресе балапандаған кезі қызық. Күйбің тұрмыстан шаршаған кезде жүйкең тынығып, ерекше күйге бөленесің. Қаны бір, туыс көгершіндер көп болмас үшін сырттан аталық және аналық көгершіндерді сатып әкелемін, кейде өзім де саттыққа шығарып тұрамын, — деді құсшы.

f3839996 c0e2 4a0f 97c4 4791aaa1d81a

Энвер ақсақалдың шаруашылы-ғындағы қырық шақты жұптың басым бөлігі сарықұйрықты көгершін де, екеуі ғана көк кептер екен.

Өмір бойы «жедел жәрдем» көлігін тізгіндеп, құрметті демалысқа шыққан Энвер Сеттаров коронавирус індеті кезінде адамдарға көмектесіп, бар күш-жігерін жұмсап қызмет еткен азаматтардың бірі болып шықты. Сол үшін оған облыс әкімінің Алғыс хаты табысталып, қошеметке ие болған. Бүгінде бақилық болған зайыбы да медицина саласында қызмет етіпті. Ширек ғасырға жуық бір мекемеде көлік жүргізуші болып жұмыс істегенде бірде-бір рет заңбұзушылыққа жол бермей, өзіне сеніп тапсырылған көлігін ұқыпты ұстағандықтан болса керек, темір тұлпары ешқашан жолда қалдырмаған. Тіпті, сол жылдар ішінде басқа жұмысқа ауысу оның ойына кіріп-шықпапты.

Өз ісіне деген жауапкершілік, адамдарға деген мейірбан көңілі бейбітшілік құсына деген махаббатын да арттырса керек. Бүгінде тоқсан жастағы анасының саулығына бас-көз болып отырған ақсақал адамдардан да осы қасиеттің жоғалмағанын тілейді.

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ

Суреттерді түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button