Атырау туралы жаңа ән
*Эксклюзив
Облыстық «Атырау» газетінің былтырғы 15 тамыздағы №33 санында «Дала бүркітінің қалықтауы» атты тақырыппен өлке тарихын зерттеуші Көптілеу Тәжіғалиевтің жолжазба-эссесін жариялаған едік. Бас кейіпкер – ноғай халқының танымал композиторы, Ресей Федерациясы және Дағыстан Республикасының еңбек сіңірген мәдени қызметкері, Дағыстанның халық артисі, Қарашай-Черкес Республикасының еңбек сіңірген артисі Яхья Құдайбердиев Алтын Орда мен Ноғай хандығының алғашқы астанасы – Сарайшық туралы өзіндік пікір-көзқарастарын білдірген болатын. Жуырда ол жаңа ән шығарғанын редакцияға хабарлады.
Былтыр күзде ата-бабасының ізі қалған Атырау өңіріне арнайы келіп, тарихи-мәдени орындарды аралап көрген еді. Атажұртқа сапардан ерекше шабыт алған Яхья Таймасханұлы еліне оралған соң «Атырау – сүйген қалам» атты жаңа әнін шығарды.
Композитордың айтуынша, ноғай тілінде жазылған бұл туынды Қазақ еліне, оның ішінде Атырау қаласына деген жүрекжарды ықыласынан туындаған. Әннің сөзі мен әуені өзара үйлесім тауып, өңірдің рухани бейнесін ашуға бағытталып тұр. Әзірге шығарма тыңдарман назарына ұсынылған жоқ, орындаушысы да табылмаған. Автор атажұртқа арнаған туындысының алғашқы орындаушысы да, тыңдарманы да атыраулықтар болғанын қалайды.
«Атырау – сүйген қалам» әнін өз репертуарына қосып, орындауға ниетті әншілер болса, композитор Яхья Таймасханұлымен біздің редакция арқылы хабарласа алады.
Музыка әлеміндегі бұл жаңалық – Атырау мәдениетінің дамуындағы тың қадамдардың бірі десек те болады.
Қуандық ШӘКІРОВ