«ХИУАЗ» медалі – үздіктерге

«ХИУАЗ» медалі – үздіктерге Жаңалықтар

Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың есімін мәңгі сақтау және жастар тәрбиесінде тиімді пайдалану мақсатында облыстық ардагерлер кеңесі бастама көтерді. Нақтылай айтқанда, даңқты ұшқыш атындағы төсбелгі (медаль) тағайындалады. Бұл туралы кеңестің төралқа отырысында белгілі болды.

«ХИУАЗ» медалі – үздіктерге

Атырау аймағының тумасы Х.Доспанова – Ұлы Отан соғысына өз еркімен аттанып, майданда түнде ұшу арқылы ерен ерлік көрсеткен батыр. Соғыстан соң комсомол, партия, кеңес органында басшылық қызметтерді атқарып, қоғам қайраткері атанды.

Медальді берудің өзіндік тәртібі бар. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуановтың айтуынша, медальмен қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып жүрген  соғыс және тыл ардагерлері, әскери бөлімдердің, оқу орындарының, бастауыш ардагерлер ұйымдарының, қала-аудандық кеңестердің ұсыныстары негізінде жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеуге, ұлтымыздың рухани жаңғыруы бағытындағы келелі істерге үлес қосып жүрген облыс және басқа аймақтың азаматтары марапатталады.

«ХИУАЗ» медалі – үздіктерге-2

Жиында  ардагерлер  ұйымының 30 жылдық мерейтойына байланысты «Құрмет белгісі» төсбелгісі құрманғазылық Өмірзақ Қажымғалиевке, ал, Құрмет грамотасы ардагерлер Төлеп Тілегенов, Сәрсенбай Мыңбаев пен Қабира Қаюмоваға табысталды. Орталық кеңестің дипломымен, Алғыс хаттарымен және «Республикалық ардагерлер кеңесінің 30 жылдығы»  мерекелік медальдарымен бірқатар азаматтар ұлығыланды.

– Облыс әкімі аудандарда болып, ардагерлермен кездесті. Олардың жағдайларын біліп, ұсыныстарын тыңдады. Көтерілген мәселелерінің шешімін табуына ықпал етті. Облыста ардагерлер жылына орай шаралар өз деңгейінде өтті. Десек те, алдымызда тұрған міндет көп. Алдымен, «Дәстүр» бағытымен  ата-бабамыздан келе жатқан ғұрыптарды жандандыру қажет. Одан кейінгі бағыт – «Алтын ұя – отбасы» деп аталады. Мұнда ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлін арттыру көзделеді. Ал, «Ағалар ақылы» бағытында жасөспірімді тәрбиелеуге атсалысуымыз керек, – дейді Қатимолла Ризуанов.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз