
Атырау теміржол вокзалына кіруге қатаң шектеу қойылды (+ФОТО)
Atr.kz/28 наурыз, 2020 жыл. Бұдан былай билеті бар жолаушыларды кіргізіліп, қалаға келген азаматтарды ғана шығарады, деп хабарлайды Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі.
Ел ішіндегі «Нұр-Сұлтан-Атырау», «Алматы-Атырау» бағыттарына да шектеу қойылды. Ал, Нұр-Сұлтан бағытындағы Бурабай курорты станциясы мен Шу станциясынан бері қарайғы рейс жұмысы тоқтатылмайды. Шектеу қойылмайтын рейстер қатарында «Атырау-Маңғыстау», «Атырау-Ақтөбе» бағыты да бар.
— Қазіргі таңда теміржол вокзалында әр үш сағат сайын дезинфекция жұмыстары жасалуда. Сонымен қатар, енді поездардың барлығы бірінші бағытта жүреді. Бұл жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылып отыр, — дейді Атырау магистралдық желі бөлімшесінің директоры Елубай Сапаров.
Бұдан бұрын Нұр-Сұлтан, Алматы қаласына билеттерді тапсыру кезінде теміржол вокзалында халық көп шоғырланған болатын. Бүгінде ол мәселелер шешімін тауып, атыраулықтардың барлығына ақшалары түгел қайтарылды.


