
Атырау су тасқынына дайын ба?
Аймақ басшысы Серік Шәпкенов тасқынға дайындық мәселелері бойынша штаб отырысын өткізді. «Қазгидромет» РМК АОФ директоры Салауат Төленовтің айтуынша, 16 наурызда Иректі су қоймасының су төгіндісі 201 текше м/секті, ал Еділ су қоймасының төгіндісі 5070 текше м/секті құрады, — деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

–Росгидрометпен бірге құрастырған консультациялық гидрологиялық болжамға сәйкес, Жайық өзенінің Атырау қаласындағы гидробекетінде көктемгі су тасқынының күтілетін ең жоғары деңгейі — 430-490 см. Бұл деңгей орташа көпжылдық мәндерден 33 см-ге жоғары (норма 455см). Былтырғы максималды су деңгейі 600 см құрады. Десе өткен жылмен салыстырғанда, облыста қысқы кезеңде жауын-шашын орта есеппен 36%-ға төмен түсті. Болжам деректері Жылыой және Қызылқоға аудандарында су тасқынының өту белсенділігінің жоғары қаупін көрсетеді, — деді С.Төленов.
Осыған байланысты Қызылқоға, Индер және Махамбет аудандарында қосымша төрт маусымдық гидробекет орнатылады. Облыс әкімі бұл жұмыстарды жеделдетуді тапсырды.
Облыстық ТЖД бастығы Нұрлан Жаңабаев барлық күштік құрылым мен арнайы техникалар тасқынмен күреске дайын екенін айтты.
–Атырау облысы аумағында орын алуы мүмкін су тасқынына 1660 адам, 283 бірлік техника , 269 бірлік мотопомпа, 39 бірлік жүзу құралы жұмылдырылады. Сонымен қатар 48,5 тонна жанар-жағармай, 1453 тонна инертті материал және 866 300 дана қап дайындалды. Зардап шеккен халықты уақытша орналастыру үшін сыйымдылығы 29 000 адамды құрайтын 200 орын әзірленді. Қазіргі таңда су тасқынына бейім елді-мекендер саны нақтыланып, жауапты қызметкерлер бекітілді. Аталған қызметкерлер алдын-ала елді-мекендерге барып, су тасқыны жағдайына мониторинг жүргізеді, — деді Н.Жаңабаев.

Серік Шәпкенов қазірден бастап учаскелерге жауаптыларды бөліп, оларды жатар-жаймен, ас-сумен қамту қажетін ескертті.
Қызылқоға ауданы әкімі Қанат Әзмұханов қазір аудандағы 9 ауылдық округте 50,8 км қорғаныс бөгеттері нығайтылғанын атап өтті.
–Сағыз ауылы, Ноғайты өзенінің 4 км жағалауы бекітіліп, 1 км өзен арнасы тазартылды. 15 наурыздан бастап өзенде су деңгейі көтерілуде. Судың биіктігі 90см (ең жоғарғы нүктесі 2,5м). Қазіргі уақытта Ноғайты өзенінің жағалауын бекіту үшін 18 арнайы техника жұмыстар жасауда. Оған мұнай компаниялары мен мердігерлердің 60 арнайы техникасы, су тасқынына қарсы жұмыстарға жұмылдырылады. Инфрақұрылым жүйелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында су басу қаупі бар аймаққа кіретін ауылдардың, елді мекендердің аумағындағы барлық қосалқы станция, трансформаторлар мен электр бағаналарының айналасымен ГРПШ шкафтарының айналасына бөгеттер соғылды, — деді Қ.Әзмұханов.
Жылыой ауданында Жем өзенінің 96 шақырымы тереңдетілді. Аудан әкімі Жұмабек Қаражанов бөгеттер мен қорғаныс құрылыстарын нығайту жұмыстары 87%-ға аяқталғанын айтты.
–Қазір Жылыой ауданын су басу қаупі жоғары болып отыр. Жем өзенінің күнделікті гидрогеологиялық бюллетені аудан әкімдігінің бақылауында. Жалпы Ақкиізтоғай постында соңғы 10 күндік өлшеміне сәйкес су деңгейі 135-136 см, көршілес Ақтөбе облысындағы Саға және Жағабұлақ гидрогеологиялық бекеттерінде су деңгейінің көтерілуі байқалмауда. Қауіптің алдын алу мақсатында тәулік бойы Жем өзені бойынан кезекшілік қауіпті 3 учаскеде ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Жем өзені бойынан Қызылжар мен Жиенайдың маңынан көктемгі өр суының екпінін азайту үшін Жем арнасы уақытша ашылды. Күштік құрылым дайын, — деді Ж.Қаражанов.
Серік Шәпкенов биыл су былтырғыдан азырақ келеді деп болжанып отырғанына қарамастан, арқаны кеңге салмай, тасқынға қарсы шараларда босаңсымау керегін айтты.

–Орынбасарым Орынбор облысында болып, ондағы тасқынға қарсы шаралармен танысты. Алдын ала болжам бойынша, биыл Жайық өзеніндегі су көлемі былтырмен салыстырғанда екі есе аз болуы мүмкін. Қазір былтырғыдай үлкен қауіп жоқ, дегенмен босаңсуға болмайды. Себебі қар толық ерімеген, сондай-ақ нөсер жауынның да болуы мүмкін, бұл судың деңгейіне әсер етеді, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы Ресеймен жедел ақпарат алмасу жолға қойылғанын да атап өтті. Бұл өз кезегінде қажетті шараларды дер кезінде қабылдауға мүмкіндік береді.
–Демалыс күндері Жылыой мен Қызылқоға аудандары аумағында аэровизуалды тексеру жүргіздім. Болжам бойынша үш күн бойына күн жылы болады. Осыған орай, Жылыой және Қызылқоға аудандарының әкімдеріне жауапты қызметкерлерді тағайындап, мониторингті күшейтуді, сондай-ақ шекаралас аумақтармен тұрақты ақпарат алмасуды қамтамасыз етуді тапсырамын. Тасқын бола қалған жағдайда ресурстарды бөлу жоспарын әзірлеу қажет. Бұл жоспарға техника, мамандарын және басқа да қажетті құралдарды қамтыңыздар. Бөгеттерді нығайту жұмыстары сапа стандарттарына сәйкес белгіленген уақытта толық аяқталуы керек. Олардың орындалуына аудан әкімдері тікелей жауапты. Сонымен бірге, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына (ГАСК) салынған қорғаныс құрылғыларының сапасын тексеруді жүктеймін, — деді С.Шәпкенов.

Өңір басшысы тасқын туралы барлық ақпарат қолжетімді болып, халыққа уақытылы ақпарат берілу керектігін айтты.
–Тұрғындар қалыптасқан жағдай, жүріп жатқан жұмыстар туралы уақытында хабар алып отыруы тиіс. Ел арасында дүрбелеңге немесе жалған ақпараттың тарауына жол бермеуіміз керек. Аудан әкімдері мен штаб мүшелері қазіргі жағдай, қабылданып жатқан шаралар мен болжамдар туралы ақпаратты дереу ұсынып отырсын. Ол барлық ресми дереккөзде жедел жариялануы қажет, сонда әр тұрғын өңірде нендей жағдай болып жатқанын біліп отырады, — деді С.Шәпкенов.
Бұдан басқа, өңір басшысы бөгеттерді тиісті органдардың балансына беру процесін жеделдетуді, сондай-ақ гидрогеологиялық жағдайды цифрландырудың ұзақ мерзімді жоспарын әзірлеуді тапсырды. Бұл жоспарға су қоймаларын бақылау, төгілулерді есепке алу, су тереңдігін талдау және басқа да негізгі параметрлер енгізіледі. Заманауи цифрлық технологияларды енгізу болжаудың дәлдігін және су ресурстарын басқару бойынша шешімдердің уақтылы қабылдануын қамтамасыз ете отырып, деректерді жедел талдауға мүмкіндік береді.