«ЕМБІМҰНАЙГАЗ» КОМПАНИЯСЫНДА – ЖАҢА БАСШЫ

«Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамында басшылық ауысты. Кәсіпорын директорлар кеңесінің шешімімен «Ембімұнайгаз» АҚ бас директоры болып «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ-ының бас геологы, геология бойынша басқарушы директоры қызметін атқарған Құрманғазы Есқазиев тағайындалды. Оны ұжымға «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев таныстырды.

Қ. Есқазиев 1965 жылдың 11 мамырында туған. 1993 жылы В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының мұнай факультетін тәмамдап, еңбек жолын 1985 жылы «Эмбанефть» өндірістік бірлестігінде бастаған. 2006 жылы Томск политехникалық университетін бітіріп, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты ғылыми атағын алып шыққан. 

 2004-2008 жылдар аралығында «ҚазМұнайГаз» Барлау.Өндіру» компаниясында геология және игеру департаменті директорының орынбасары, департамент директоры қызметтерінде болған. Бұдан кейін «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ мұнай мен газ өндіру жөніндегі атқарушы директоры, геология, геофизика және резервуарлар бойынша басқарушы директор, бас геолог қызметтерін атқарды.

Ал, осы уақытқа дейін кәсіпорынның бас директоры лауазымында болған Махамбет Досмұхамбетовтың өкілеттігі басқа жұмысқа ауысуына байланысты мерзімінен бұрын тоқтатылды.

Б.ЖҰМАТ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз