«Атырау тас жолы үлкен мемлекеттік саясаттың бір бөлшегі» дейді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ
Atr.kz/10 қаңтар, 2020 жыл. Аймақта бірнеше жылдан бері шешімін күткен проблеманың бірі – Атырау-Астрахань тас жолы.
Мұнайлы өлкеге іргелес орналасқан көрші облысқа жетудің өзі қиямет-қайым екенін тұрғындар жақсы біледі. ҚР Парламенті Сенаты депутаты Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ аталған жол жайын Үкімет деңгейінде әлденеше рет көтерді. Жақында өңір жұртшылығымен кездесуге келген сенатормен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Сәрсенбай Құрманұлы, бұл жол облыс тұрғындары үшін қандай маңызды болса, жақын шет елдермен байланысу үшін сондай мәнге ие ғой…
-Айтуыңыз орынды. Атырау-Астрахань тас жолының ұзындығы – 277 шақырым. Бұл Ресей Федерациясының шекарасынан (Астрахань) Атырау және Ақтау қалалары арқылы Түркіменстан шекарасына дейін созылатын халықаралық транзиттік дәлізінің учаскесі. Яғни, бұл аймақ халқы үшін де маңызды. Сонымен қатар, халықаралық автомобиль байланысының қажетті буыны саналып отыр. Жолдың жақсаруы – облыс экономикасына серпін берумен қатар, транзиттік қызмет арқылы да айтарлықтай пайда әкелетін жоба. Оның үстіне, шетелдіктер алдында еліміздің абырой-беделін көтеретінін қосып қойыңыз.
– Маңызды мәселе бола тұра жолдың осы кезге дейін жөнделмей келуінің себебі неде?
– Атыраудан Котяев ауылына дейінгі жол өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында Кеңес Одағының стандарттарына сәйкес салынып, сол кездегі ең жақсы жолдардың бірі болған еді. Уақыт өте келе, Кеңес Одағы тарап, экономика құлдыраған тұста жолдың да жайы нашарлай бастады. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы он жылдықта оны күрделі жөндеуден өткізетін мүмкіндік те болмады. Сондай-ақ, салмағы ауыр техникалардың, халықаралық жүк тасымалын жүзеге асыратын ірі автокөліктер санының ұлғаюы жол төсендісінің тез бұзылуына әкеп соқтырды.
– Дегенмен, 2000 жылдардан бастап елімізде жолды жөндеу мәселесі қолға алына бастады емес пе?
– Қиын кезеңдердің өзінде ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев инфрақұрылым, оның ішінде автомобиль жолдарына ерекше назар аударды. Осыдан жиырма үш жыл бұрын Жолдауында ұзақ мерзімді екі басымдықты анықтады. Соның бірінде инфрақұрылым, жолдарды дамыту жайы қамтылған. Бірақ, экономикалық қиындықтар жолды жаппай жөндеуге мүмкіндік бермеді. Тек аяғымызға нық тұрып, 2050 жылға дейінгі дамудың жаңа стратегиясын белгілеген уақытта жолдарды жөнге келтіруге мемлекет жоспарлы және жүйелі түрде кірісті. Біз сөз етіп отырған Атырау- тас жолы да – осы үлкен мемлекеттік саясаттың бір бөлшегі.
– Сіздің Сенат депутаты ретінде бұл мәселеге тікелей араласып жүргеніңізді білеміз. Жалпы, осы бағыттағы істерге тоқталсаңыз…
– Конституцияға сәйкес, Сенат депутаты өзі сайланған өңірдің өкілі болып есептеледі. Сондықтан, аймақтан шыққан депутат ретінде өңірдің маңызды мәселелерін көтеру, оны шешу үшін заңда белгіленген мүмкіндіктерді пайдалану – міндетім әрі құқығым.
Сенаттың бір топ депутаты 2011 жылдың басында Үкімет басшысына Ақтөбе – Атырау – Астрахань автомобиль жолына сол жылға қаржы бөлу және оны 2014 жылы аяқтау үшін қосымша қаражат көздерін қарастыруға депутаттық сауал жолдадық. Өйткені, сол кезде оның жобалау-сметалық құжаттары дайын болатын.
ҚР Премьер-Министрі бұл жобаны 2013 жылы бастауға ұсыныс білдірді. Себебі, уақыт өтуіне байланысты жолдың Атырау облысынан өтетін 140 шақырымына қатысты жобалау-сметалық құжаттарын қайта қарау, қалған бөлігіне мұндай құжаттаманы толықтай өзгерту керек еді. Сол жылы мен Көлік және коммуникациялар министрі болған А. Жұмағалиевке осы мәселені айтып, қайта хат жаздым. Ведомоство басшысы 2012 жылы Котяев ауылындағы Қиғаш өзенінен өтетін көпір өткелінен бастап 60 километр жолды қайта жаңғырту бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы түзету үшін бюджеттік өтінім беріліп, комиссиядан қолдау тапқанын және құрылысты 2015 жылдан бастау көзделгенін хабарлады. Бірақ, әртүрлі себептермен аяқсыз қалды.
Бұдан кейін 2016 жылы Сенатта өткен «дөңгелек үстелде» осы сұрақ қайта көтерілді. Үкімет сол жылдың екінші жартыжылдығында халықаралық қаржы ұйымдарынан қарыз елісімшартына қол қоюды жоспарлап отырғанын және жолды 2017 жылдан басталатыны туралы ақпарат берді. Өкінішке қарай, бұл да шешімін таппады.
– Осынша күш жұмсалғанда жұмыстың іске аспай қалуының себебі неде?
– Жоғарыда айтқанымдай, жолдың жалпы ұзындығы – 277 шақырым, оның жобалық құны – 373 млн. АҚШ доллары. Мұның 45 млн.АҚШ доллары көлеміндегі қаржыны республикалық бюджеттен бөлу көзделген. Ал, қалған 328 млн.АҚШ долларын Ислам Даму банкі халықаралық қаржы ұйымынан қарастыру жоспарланды. Үкімет атынан аталған банкпен келіссөз жүргізуші – Қаржы министрлігі. Жолдың техникалық-экономикалық, жобалау-сметалық құжаттары толықтай дайын. Басқа да ұйымдастыру жұмыстары әзір болғанмен, былтыр келісімшартқа қол қойылмады. Осыған орай республикалық бюджеттен қаралған қаражат игерілмейтін болғандықтан кері қайтарылды.
Менің 2018 жылы ақпан айында жазған хатыма сол кездегі Қаржы министрі Б. Сұлтанов келісімшартқа қол қоюдың жоспарланған мерзімі сол жылдың сәуір айы деп қаралғанын көрсетті. Сондай-ақ, ол ауызша түрде аталмыш құжат мамыр айында Парламентке енгізілетіні туралы айтқан.
– Сонымен…
– Парламентке келісім-шарт түспеді. Алайда, Сенатта Үкіметтің және Есеп комитетінің 2017 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері тыңдалды. Сол тұста да мен Үкімет басшысының бірінші орынбасарына Атырау-Астрахань автомобиль жолының бірнеше жыл бойы шешімін таппай, өткір мәселеге айналғанын айтып, сұрақ қойдым. Оны сол кездегі Сенат төрағасы, қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та қолдады. Соның нәтижесінде, Үкіметте шұғыл түрде мәжіліс өткізілді. Асқар Мамин төрағалық еткен жиында министрлер Б., М.Бекетаев, «Қазавтожол» ҰК» АҚ-ның басқарма төрағасы Е.Ғизатов және басқа да жауапты мамандар болды. Жиналысқа мен де қатысып, құрылысты биыл бастау керектігін айттым. 2018 жылға респбуликалық бюджеттен қаралған қаржыға жетерлік жолды Құрманғазы ауданынан, яғни Котяев ауылынан бастауды ұсындым. Бұл ұсыныс толықтай қолдау тапты. Арнайы жол картасы жасалып, атқарылған жұмыстар, жауапты қызметкерлер нақтыланды. Бұл жұмыстар белгіленген мерзімде орындалды.
«Қазавтожол» ҰК» АҚ арқылы 60 шақырым (833-853 шақырым, 853-893 шақырым) жолдың құрылыс-монтаждау жұмыстарына конкурс өткізілді. Оның жеңімпазы болып «Сине Мидас Строй» БК» ЖШС мен «Тодини» АҚ құрамындағы консорциум анықталды. Бұл мәселе Сенатта да қозғалды. Оны сенаторлар қолдап, оған Президент араласпағанда бұл жол құрылысы басталмас еді.
– Енді 273 шақырым жолдың 60 километрінен басқа бөлігінің тағдыры қалай болады? Неге Котяевтан бастауды ұсындыңыз?
-Орынды сұрақ. Жолдың қалған бөлігі, біздің, яғни, депутаттардың ұдайы назарында болады. Өткен жылдың қазан айында ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминге депутаттық сұрау жолдаған едік. Сонда жолдың қалған 217 шақырымына қатысты мердігер компанияның анықталып, келісім-шарт жасалғанын, Еуропа қайта құру және даму банкісінің несиесі арқылы қажетті қаржы көзі шешімін тапқанын айтқан болатынбыз. Конкурс нәтижесінде үнемделген қаржыны жолдың жекелеген учаскесін сапалық тұрғыдан жетілдіруге жұмсауға ұсыныс енгіздік.
Үкімет басшысынан бүгінгі таңда 217 км 616-833 км учаскесі бойынша конкурстық рәсімдер өткізілгенін және мердігерлік ұйымдармен жалпы сомасы 51,1 млрд. теңгеге құрылыс мерзімі 2022 жылға дейн келісім-шарттарға қол қойылғандығы жөнінде жауап келді. Сонымен қатар, Атырау-Астрахань автомобиль жолының Атырау қаласынан Исатай ауданының орталығы – Аққыстау ауылына дейінгі аралығын ІІ техникалық категориясынан І категорияға ауыстыру жөнінде әлі келіссөздер жүргізілетіндігі белгілі болды.
Ал, жолдың Котяев ауылынан бастау қажеттігінің екі себебі бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын, яғни, 2012 жылдары Атырау қаласында жолдың жөндеуін жобалаушы компания өкілдерімен кездесіп, бірнеше ұсыныс бергенмін. Олар – Тұщықұдық және Аққыстау ауылдарынан айналма жол және Атырау қаласынан 18 бекетке дейін төрт жолақты бірінші санаттағы жол салу. Алдыңғы екі ұсыныс қабылданды. Бұл ұсынысымды жобалаушылар қолдады. Екіншіден, Котяев ауылы мен Құрманғазы ауданы – мемлекетіміздің кіре беріс қақпасы. Елге алғашқы қадам осы жерден басталады. Құрылыс қолға алынғанын көрші мемлекет те байқап, тақтайдай тегіс жол төселгені бәрімізге мерей емес пе?
– Қазіргі таңда елімізде ақылы жолдар мәселесі қолға алынып жатыр. Болашақта мұнайлы өңірде де осындай жобаларды жүзеге асырыла ма?
– Әрине, бұл бастаманы мен қолдаймын. Ақылы жолдардың болғаны дұрыс. Десек те, мұнда міндетті түрде жергілікті тұрғындардың жағдайы ескерілетін болады.
Әңгімелескен: Айбөпе САБЫРОВА
Халықтың игілігіне жасалған үлкен жұмыс.