АТЫРАУ: Соғыс зардабының тың деректері табылды
Аtr.kz/9 мамыр, 2020 жыл. Талай миллиондардың қанымен келген Жеңіс – халықтың Отанына деген шексіз сезімі мен қайтпас қайсарлығының нәтижесі.
Майдан даласындағы сын сағаттарда жауынгерлердің отаншылдық қасиеті қандай болғаны айтпаса да түсінікті. Әрі ортақ жауға күресте халықтардың ынтымақбірлігі де Жеңісті жақындата түсті. Бұл майданда жауынгерлер өшпес ерліктің үлгісін көрсетті. Ал, сұрапыл соғыстың тигізген зардабы тіптен орасан.
Бұл соғыста Қазақстандағы әр отбасынан жүздеген мың адам қолына қару алып, ұрыстарға қатысты. Біздің облыстан Отан қорғауға өз еркімен – 42 509, оның ішінде Атырау қаласынан 11 302 адам майданға аттанды. Зерттеулерге сүйенсек, соғыс жылдарында қазіргі Атырау өңірінен бірқатар көмектер көрсетілді. Атыраулықтар « Қ а з а қ с т а н м ұ н а й ш ы с ы » , «Қазақстан балықшысы», «Қазақстан колхозшысы» колоннасын жасақтауға біраз қаражат бөлді.
– Архивтегі деректерді сөйлетсек, 1941 жылдың үш айында Атырау қаласынан қорғаныс қорына 941 707 сом жиналып, 1 073 000 сомның облигациясы таратылды. Қызыл әскер жауынгерлері соғыстың алғашқы екі жылында атыраулықтардан 8220 шолақ тон, 185 187 пар байпақ, 13 636 бөрік, 60 890 қолғап және 223 376 дана басқа да киімдер алды. Атыраулықтар жаудан тазартылған Таганрог секілді қалаларға 143 мың сом жинап берсе, Воронеж қаласына үш вагон сыйлық жіберілген, — деді Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Аққали Ахмет.
Аталған уақытта Атыраудан сталинградтықтарға төрт вагон зат жөнелтілген, ленинградтықтарға жоспардан тыс алынған 1 500 тонна жоғары сапалы мұнай, балық жіберілді. Ал,1943 жылы қараша айында Орел облысының бүлінген шаруашылығын қалпына келтіру үшін 249 қой мен ешкі, 74 сиыр малы, 55 шошқа, 983 пар байпақ, 204 центнер балық, 6 тонна күріш, оқулықтар мен дәрідәрмектер жіберілді.
Теңіз ауданының К.Маркс атындағы ұжымшар төрағасы Қ.Ысқақов ұшақ жасау үшін – 175 мың, Новобогат ауданының «Қызыл балық» ұжымшарының төрағасы Қ.Құрмашев – 150 мың, «Ракуш» ұжымшарының төрағасы Н.Есқайыров 100 мың сом өз қаржыларын берді. Донбастан Атырауға Петровский атындағы станок жасау зауыты көшірілді. 1942 жылдың тамыз-қыркүйек айларында Атырау порты 24 мың тонна жүк, жау қолында қалған қалалардың 25 мың адамын жеткізді.
Атырауды қорғау мақсатында 1942 жылдың
тамызында 471-атқыштар дивизиясы келді. 1942 жылы Астрахан – Гурьев – Оралды жалғастыратын 700 шақырым байланыс жүйесі іске қосылды. 1942 жылдың 19 қазанында «Гурьев қаласын әуе шабуылынан қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар» іске асырылды. Тізе берсек, Жеңіс сағатын жақындатуға септесіп, жедел қолға алынған әрекеттер аз емес. Бұл сұрапыл күндерді бүгінгі майдангерлер еріксіз көздеріне жас алып еске түсіреді. Ұлы Отан соғысындағы шешуші, бетбұрысты кезеңдердің бірі Сталинград шайқасы еді. Осынау ұлы шайқаста шыңдалған сарбаздардың сапында бұрынғы Гурьев жаяу әскер
училищесінің түлектері де болды.
«Мен алғашында Гурьевте ашылған жаяу әскер офицерлерін даярлайтын оқу орнына қабылдандым. Мұнда Чкалов, Челябі қалаларынан және өзге жерлерден жігіттер келіп жатты. Біраздан соң бізді бөліп жіберді. Мен пулеметшілер батальонына түстім. Қысқа мерзімді оқуымыз аяқталар шақта Жоғары Бас Қолбасшы – Сталиннен бізді майданға жіберу жөнінде бұйрық келді. Содан қасымдағы бір топ жолдасыммен Сталинград майданындағы 35ші гвардиялық дивизияның 101-ші атқыштар полкіне пулеметші болып қабылдандым» деп күрсінді естелігімен бөліскен майдангер Құрманбай Досымбетов.
Ұрыс даласында екі мәрте ауыр жарақат алған кейіпкеріміз Сталинградты қорғап қалу үшін Днепр өзенінен, Солтүстік Донец пен Арбузовадағы Доннан өтеді. Чертков ауданында қалаға басып кірмек болған неміс генералы Манштейннің танк әскерін талқандауда ерен ерлік көрсетті. Майдан даласынан ауыр жарақатпен оралды. Әйтсе де, ол өзін еңбекке жарамсызбын деп санамады. Өйткені, жауға тойтарыс беріп, Жеңіс күнін көру майдангерлердің бойындағы Отанға деген ерік-жігерді жанып жібергендей. Майдан даласынан оралған соң ел қатарлы еңбек етіп, 1947-1969 жылдар аралығында Новобогат, Қошқар мұнай барлау партияларында жұмыс жасады.
«Жеңіс еш оңайлықпен келген жоқ. Өкініштісі, қаншама боздақ соғыс даласында мерт болды?! Бұл соғыс қаншама әйел-ананы жесір, қаншама баланы жетім етті?! Бұл – соғыс салған зардап. Ендігі уақытта көк аспанымызда бейбітшілік туы мәңгі желбіресін. Мұндай күндер енді қайтып оралмасын!» дейді кейіпкеріміз.
Жылдан жылға қатары сиреп бара жатқан батырлардың ерлігі мен сұрапыл соғыстың көрінісі ешқашан да ұмытылмайды. Біз осы арқылы халқымыздың бірлігін, батырлығы мен отансүйгіштігін ұрпақ жадында жаңғыртып, одан әрі дәріптей түсеміз.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
САН-ДЕРЕК:
Облыстан майданға өз еркімен аттанғандар – 42 509
Майданнан оралмаған боздақтар – 13 287
Облыстағы Кеңес Одағының Батырлары – 9
«Даңқ» орденінің толық иегерлері – 4
Түрлі орден, медальмен марапатталғандар – 344
Соғыс кезінде қаладағы емханаларда емделіп шыққан жаралы жауынгерлер мен командирлер – 9 мың 300
Бүгінде арамыздағы көзі тірі ардагерлер – 8