Атырау қаласында су басу қаупінің алдын алу жұмыстары жүргізілуде
Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев қаланың көктемде су басу қаупі басым аудандарын аралап, қар тазалау жұмыстарының барысымен танысты. Соның ішінде Геолог, Жұлдыз шағын аудандарын аралады, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Төтеншеліктер қардың қалың түсуінен көктемгі су басу қауіптілігі жоғары екендігін айтуда. Қазіргі таңда қаладағы жауапты мекемелер ірі кәсіпорындардың көмегімен қар тазалау жұмыстарына күш салып жатыр.
-Жұмыстар тәулік бойына жүргізіліп келеді. Қазір техникалар саны көбейтілді. 120-ға жуық көлік пен 130-дан астам қар күрейтін және шығаратын техника бар. Бұл мақсатта қала 21 аумаққа бөлініп, жан-жақты толықтай тазалап жатыр. Тұрғындарға айтар үлкен өтінішіміз — өз аулаларындағы қарды көшеге шығару. Кейін бұл қарды жауапты мекемелер көшеден жинап алып кетеді. Осылайша үйлерді су басу қаупінен сақтаймыз. Сондай-ақ, ірі мекемелер, сауда орталықтарына түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олар өздеріне белгіленген аймақтарды қардан тазалап отырса дұрыс болады. Жалпы қазіргі күні Атырауда су тасу қаупі жоқ. Негізгі көліктерді қауіпті аумақ саналатын Сарықамыс, Геолог ықшам аудандарына жұмылдырдық. Су жинайтын көліктерді шығардық. Енді бір жұмада қаланың қар мен суын толықтай бітіреміз деп жоспарлап отырмыз,- деді Қ.Нұртаев.
Қаланы аралау барысында облыс әкімінің орынбасары «Көктем» сауда базарының барды. Аталған сауда орталығы қардан тазаланбаған және сыртқа шығарылмапты. Қайрат Нұртаев базардың тазалығына жауапты қызметкеріне тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қар тазалау жұмыстарын уақтылы жүргізуді ескертті.
Қаладағы қар тазалау жұмыстарына «Арнаулыавтобаза» ЖШС-нен 39 техника, қала аумағындағы ірі және жеке кәсіпкерлерден 86 техника тартылған. Осыған дейін шаһар аумағынан 52 мың текше метр қар шығарылып отыр. Бұған қоса, жаяу жүргіншілер, автокөлік жолдарына, көпірлерге, қауіпті жол қиылыстарына 516 тонна реагент себілген.