Атырау қаласында өртенген үйді қалпына келтіру басталды
Atr.kz/18 ақпан, 2020 жыл. Қазір су, жылу, газ толықтай берілді. Ал, «тілсіз жаудан» көбірек зардап шеккен №19, 20 пәтер иесіне бір жолғы әлеуметтік көмек ұсынылмақшы.
Оқыс оқиға техногендік сипатқа ие болмағандықтан, жөндеу жұмыстарына резервтік қордағы қаражат бөлінбейтін болды. Сондықтан, бұл жағдай демеушілер көмегімен шешімін таппақ.
– Біз № 19, № 20 пәтерлердің тұрғындарымен сөйлесіп, қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанша «Жұлдыз» ықшамауданындағы пәтерлерді уақытша тұруға ұсындық. Олар келісімін берді. Үйдің шатырын жөндеу шаралары да бақылауда болады.
Мұның барлығы заң шеңберінде жүзеге асады. Жалпы,күрделі жөндеуден өткен үйдің екі жыл кепіл мерзімі аяқталған. Көпқабатты үй – ПИК-тің балансында, — деді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тінәлиев Өңірлік комуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында.
Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінің басшысы Абдулқапар Жұмановтың айтуынша, қазіргі таңда өрттің шығу себебін анықтау үшін материалдар зерттеу лабораториясына жіберілген. Сонымен қатар, облыстық полиция департаменті тергеу жұмыстарын жүргізуде.
Айбөпе САБЫРОВА