«Атырау», «Прикаспийская коммуна» және жеті аудандық басылым жаңа форматта шыға бастады
Atr.kz/4 тамыз, 2020 жыл. Ардақты ағайын! Ғасырға жуық оқырманмен бірге келе жатқан облыстық «Атырау», «Прикаспийская коммуна» газеттері және жеті аудандық басылым өздеріңізбен енді жаңа форматта қауышып отыр.
Газеттерімізді жаңа форматқа көшіру мәселесі біржақты шешім емес. Бұл – журналистиканың майын ішіп, жілігін шаққан мүйізі қарағайдай ардагер ағалармен арада жан-жақты талқылау, өзара келісім негізінде жүзеге асырылып отырған ортақ шешім.
Иә, қазір – ақпараттың мейлінше тасқындаған, сәт сайын жаңарып жатқан заманы. Интернет журналистикамен бірге, әлеуметтік желілер ақпараттық құралдың белгілі бір бөлшегіне айналып отырған бүгінгі дәуірде дәстүрлі медианың бәсекеге қабілеттілігі туралы мәселе бәрібір қойылады. Осы жерде біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз дұрыс екенін атап өтсем деймін.
Ең алдымен, газет қашан да оқырманымен ғұмырлы. Демек, аудитория бар жерде, сұраныс та бар. Алдағы уақытта газеттеріміз о қ ы р м а н д а р ы н ж а ң а ш ы л қадамдарымен қуантатын болады.
Сонау тарих беттерінде қалған небір аласапыран замандарда халыққа күш пен рух берген газеттеріміз енді ақпараттық стильден гөрі, журналистика тұнығына тереңдей түспек. Енді сіздерге журналистік зерттеулер, журналистік эксперименттер, сараптама, талдау тұрғысындағы ойлы материалдар ұсынылатын болады.
Әлеуметтік тақырыптардан бастап, қоғам, саясат, экономика, руханият және жастар мәселесіндегі өзекті дүниелер газет журналистері ұдайы қ о з ғ а й т ы н т а қ ы р ы п т а р ғ а айналмақ. Мұны келелі мәселелер, қордаланған дүниелердің ортақ шешімін табуға бастаған қадам десек те болады.
Жоғарыда айтқан ақпараттық тасқын дәуірінде ақ пен қараны, ақиқат пен жалғанның ара-жігін ажырату үшін де оқырманда кең мүмкіндіктер болуы керек. Міне, сол таңдау мүмкіндігін сіздерге біздің газеттеріміз ұсынады.
Ендеше, бізбен бірге болыңыз, қадірлі оқырман! Сіздерден кері байланыс күтеміз. Ой- пікір, ұсыныстарыңызды ортаға салыңыздар! Әркез бізбен бірге болыңыздар!
Ысқақ ЕГЕМБЕРДИЕВ,
«Атырау – Ақпарат» медиахолдингі директоры