Атырау оқушылары соңғы қоңырауда Жұмекен жырларын оқиды
Аtr.kz/23 мамыр, 2020 жыл. Атырау оқушылары соңғы қоңырауда биыл туғанына 85 жыл толатын дауылпаз ақын Жұмекен Нәжімеденовтің жырларын оқиды, деп хабарлайды Атырау облысының коммуникациялар қызметі.
Бұдан бір ай бұрын елімізде көрнекті ақын, Қазақстан әнұраны авторларының бірі – Жұмекен Нәжімеденовтің 85 жылдығына орай #Jumeken85 өлең эстафетасы басталған болатын. Жыр сәлемдемесін өткізу — «Атырау» телеарнасының бастамасы.
Басты мақсат — тұңғиық жырдың тұнығы атанған мерейгер ақынның шығармашылығын дәріптеу арқылы жас ұрпақты Отансүйгіштікке тәрбиелеу. Атырауда басталған жыр шашуды Қазақстанның әр қиырындағы мектеп оқушылары іліп әкетіп, ары қарай көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орны басшылары мен зиялы қауым да жалғады.
Әлеуметтік желіде қызу қолдау тапқан мәдени-көпшілік іс-шараға қатысқандар арасында өнер зерттеушісі Илья Жақанов, композитор Төлеген Мұхамеджанов, Қазақстан жазушылар одағы басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ақын Светқали Нұржан, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұртөре Жүсіп пен Сәрсенбай Еңсегенов, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова да бар.
Жалпыхалықтық сипат алған өлең эстафетасының қорытындысы ретінде Атырау облысындағы барлық мектеп оқушылары Жұмекен ақынның жырларын соңғы қоңырауда онлайн оқиды. «Волонтер жылы аясында бұл іс-шараны мектеп оқушылары ерікті түрде өткізеді. Облыстық білім басқармасы өлең оқуды ұсыныс ретінде берді.
Оқушылар мен ата-ана қолдайды деп сенеміз», — дейді идея авторы, белгілі тележурналист, «Атырау» телеарнасының директоры Әуесбайдың Қанаты.