Алдыңғы шептің ақберендері

7e5a7fc7 dc99 48cc 9f9c 36f44e62b9fc Жаңалықтар

               Құт көрсе де, жұт көрсе де – қай жылдан да қайыр көре білген дана қазақ, «өткен жылға өкпе жоқ» деп келер жылдан жақсылық күткен. Соңғы екі жыл әлем үшін сынаққа толы болғаны белгілі. Соның ішінде еліміз де қауіпті індетпен бетпе- бет келіп, оны жеңуде «бір жеңнен қол шығарып», ортақ іске жұмылды. Бүгінде майданда жеңген батырдай рухымыз биіктеп, еңсеміз тіктеліп, сиыр жылын салауатты, берекелі тәмамдап отырмыз.

Биыл жаз айларында күш алып шарықтаған коронавирус індеті жыл соңына қарай қарқынын азайтқаны анық байқалды. Бұл – алдыңғы шепте, қауіп- қатердің нақ ортасында жүрген ақ халатты жандардың зор еңбегі еді. Міне, жыл қорытындылар тұста «Atyraý» газеті бірқатар медицина қызметкерлерін тағы бір мәрте таныстыруды жөн көріп, олардың жұмыс барысындағы қиын-қыстау сәттерін, көрген-кешкендерін Һәм ерліктерін қаз-қалпында баяндап отырмыз.

 

2cfda994 f89a 4220 9e58 533a6decfe13

                                                                                          Тельман ЗЕЙНОЛЛИН,

жедел жəрдем стансасының фельдшері:

«Дәрігер де ауырады…»

Жедел жəрдем қызметіне фельдшер болып жұмысқа орналасқаныма он жылға жуықтапты. Пандемия кезінде қала бойынша 30 бригада жұмыс жасадық. Шақыртудың көп болғаны сонша, еріктілер де келіп көмектесті. Олардың еңбегін айырықша айта кеткеніміз жөн.

Амалы қане, қанша жерден сақтанып,

қорғаныш киімдерін киіп жүрсек те, ауру жұқтырып алдық. Отбасымыз жеңілдеу түрімен

ауырып шықты. Өте ауыр халде ауырып жатқан науқастарды көргенде солармен бірге ауырып,

бірге уайымдадық. Тезірек ауруханаға жеткізсек дейтінбіз. Шыны керек, ауруы асқынып, көз алдымызда дем жетпей жатқан науқастар да болды.

Жасанды ауа беріп, олардың өмірін сақтап қалуға күш салдық.

Ауру күн өткен сайын басылады десек, керісінше шетелдерде аурудың түрлі штаммы пайда болып жатыр. Сондықтан қашан да сақтақ шаралары қажет. Қарапайым халық түгілі, дəрігерлердің өзі де қатты қобалжыды. Қазір жаймен бұрынғы өмірімізге оралудамыз. Мұндай індет енді қайтып келмесе екен деп тілейміз. Жаңа жыл жақсылығымен келгей.

0295a95a 0567 41ad bf6b 28fecbdef02f

Салтанат ҚАЙЫРОВА,

Атырау облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының инфекционист-дəрігері:

«Науқастардың мінезін жаттап алдым»

2013 жылы еңбек жолымды Атырау облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында бастадым. Онда инфекционист дəрігер мамандығына қайта біліктіліктен өтіп, балалардың арасындағы жұқпалы ауруларды емдеумен айналыстым. Əсіресе, балалардың арасында байқалатын қызылша, скар- латина, іш өту, менингит секілді дертке дауа тауып жүрдік. Пандемия жарияланған тұста коронавирус инфекциясын ғана емдеуге жұмылдық.

Алғашқы науқастар наурыз айында түсе бастады. Бастапқыда шетелде болғандарды тізімге алып, қабылдап отырдық. Ол кезде қабылдау бөлімінің дəрігері едім. Қаңтар, ақпан айынан бастап, коронавирус инфекциясын жұқтыру симптомдарына байланысты провизорлық, инфекциялық стационарларға бөліп жатқыздық. Бұрын-соңды пандемия жағдайын бастан өткермеген əріптестеріміз үшін бұл жағдай өте ауыр, əрі үлкен жауапкершілік болды. Кейінгі буын біздер ардагер медицина қызметкерлерінен «оба, холера кезінде қызмет еттік» деген əңгімелерін естігенде байыбына барып түсіне бермеген екенбіз. Соңғы айларда жансақтау бөлімінің дəрігері болдым. Жансақтау бөліміне келген сырқатпен сөйлесу үшін, олардың жақындарына науқастың жағдайын түсіндіруде психолог болуың керек. Əрбір науқас аянышты, аурудан шаршаған көзімен қарағанда өзімді қоярға жер таппаймын. Қолымнан келгеннің бəрін жасадым. Олардың əрқайсысының көзінен «мені аурудан аман сақтап қалшы?!» деген сауалды ғана көрдім. Осылайша, жазылып шыққан науқастармен бірге қуанып, ауруы асқынып, жағдайы нашарлағанымен бірге күйінген сəттерім көп еді. Ауруы асқынғандар 10-14 күн бойы, одан да көп уақыт аурухана қабырғасында жатады. Олардың мінездерін де жақын туыстарым секілді жаттап алдым.

Жер бетінде коронавирус инфекциясына қарсы əлемнің мықты ғалымдарының өздері ем таппай

жатқан алғашқы кезде дəрігерлердің өздерінде қорқыныш пен үрей басым болғаны анық. Сонда да, халықтың артқан сенімдерін ақтауға ұмтылдық. Қазір ауру саябырсыды дегенмен, «арқаны кеңге салуға əлі ерте» деп жұмысымызды жалғастыра береміз.

77e69682 6e29 4aa1 80a4 2f0c6f1d334b

Гүлмаржан СҮЙІНІШҚАЛИЕВА,

No1 Атырау қалалық емханасының жоғары санатты жалпы тəжірибелік дəрігері:

«Өзімізді ойлайтын уақыт болмады»

2001-2007 жылдар аралығында Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина академиясында педиа- трия факультетін бітірдім. 2008 жылы жалпы тəжірибелік дəрігер мамандығы бойынша интерна- тураны аяқтадым. 2008 жылдан бастап бүгінге дейін 13 жыл бойына емханада жалпы тəжірибелік дəрігермін. Сондай-ақ, Атырау облыстық ауруханасында, жұқпалы аурулар ауруханасында кезекші дəрігер ретінде қосымша қызмет атқардым.

Пандемия басталған тұста емхананың мобильдік тобында едім. Сол кезеңде күніне 30 науқасқа дейін шақыртулар түсетін. Одан бөлек онлайн режимде 50-60 қоңырауға дейін жауап беріп жүрдік. Шақырту бойынша қай үйге барсақ та, бəрінде бір ауру белгілері – қызу, əлсіздік, дененің дел-сал ауруы… Үрпейісе қараған отбасы мүшелері. «Бұл індеттен аман-есен айығып шықсақ екен» деген əрқайсысының жанарынан бір үміт көретін едік. Келе сала жұмысымызға кірісеміз. Система қойып, уақытылы егіп, үй жағдайында науқастарды емдеп жүрдік. Ауруы асқынғандарын инфекциялық ауруханаға апарамыз. Жұмыста жүргенде көпшілігінің қоятын бір сұрағы: «Отбасың бар, өзіңе, жақындарыңа ауру жұғып кетеді деп қорықпайсың ба?». Ал, шындығында жұмыстың қауырттығынан, науқастар минут сайын телефон соғып, шақыртып жатқанда, қорқуға да уақыт болмапты. Қазір, шүкір, қалыпты жұмысымызға, бұрынғыдай күнімізге қайта келдік. Тұрғындардың жаппай індетке қарсы екпе алуы – аурудың бəсеңдеуіне əкелді. Соңғы кезде коронавируспен ауырған адамдар оңалту, иммунитет көтеру бойынша сұрақтарымен хабарласады.

53d6ae31 ab4b 42c8 bad0 000526489d2f

Ажар ОМАРОВА,

облыстық перинаталды орталықтың неонатолог-дəрігері:

«Аналар ауырса – балаға ауыр»

Вирус жұқтыру қатардағы адамға қарағанда жүкті əйелге екі есе қауіп төндіреді. Өйткені, олар бұл ауру- дан ұзағырақ емделеді. Жүктілік əйелдің иммунитетін əлсірететіні белгілі. Соның салдарынан инфекциялық ауруға шалдығу қаупі ұлғаяды. Əдетте мұндай ауруларды вирусқа қарсы препаратпен емдесе, жүкті əйелдерге ондай дəріні пайдалануға болмайды. Ал, емдемесе, тыныс алу жолдары бітеліп қалып, іштегі сəбидің денсаулығына зиян келеді.

Пандемия кезінде қауіпті індетке шалдыққан жүкті əйелдер өте көп болды. Ауруы асқынған əйелдерді жүктілігінің 5-6 айында босандырып алып жүрдік. Инфекцияға қарсы препараттармен емделіп жатқан жүкті əйелдің кенеттен жағдайы нашарлап кетсе, дереу біздің орталыққа хабарланады. Біз акушер-гинеколог, не- онатолог, анестезиолог бəріміз инфекциялық ауруханаға жедел түрде барып, тиісті көмек көрсетеміз.

Жедел жағдайда көптеген əйелге ота жасадық. 45-60 пайыздай өкпесі зақымдалған əйелдердің 1 келі салмақта дүниеге келген сəбилерін күтіп-баптап, үйлеріне 2,30 салмаққа дейін қосып, шығарып жүрдік. Аналары да денсаулықтары жақсарғанша ауруханада екі айлап жатып емделді. Бастысы, аман-есен үйлеріне шығарылды.

c6bf69cc 49ab 44d3 9559 ad1d98ab4053

Дидар ОРАЗБЕКОВА,

No7 Атырау қалалық емханасының жалпы тəжірибелік дəрігері:

«Ауруды жеңу үшін мықты рух керек»

Əлемдік тарихта қашан да белгілі бір кəсіп иелерінің қажеттілігін туғызған оқиғалар болады. Міне, соңғы екі жылда пандемия жағдайына бай- ланысты дəрігерлерге деген сұраныс артты. 2020 жылдың шілдесінде коронавирус инфекциясының таралуы басталған сəттен бастап емхана жанындағы жабық инфекциялық стационардың дəрігері міндетін атқардым. «Қызыл аймақта» үйді ұмытып жүріп, қызметімізді абырой- мен атқардық. Одан бөлек, медициналық құжаттарды рəсімдеу, медициналық тарихты жүргізу, жаңа пациенттерді қабылдау, шығару эпикриздерін тіркеу дəрігерлерге үлкен жүктеме артты.

Бұл жерде «шаршадым» деп айтуға бол- майды. Алдыңа келген науқасты қабылдап, əрі қарай сауығып шыққанша бақылауда ұстайсың. Науқасқа ауруды жеңетіндей рухты сөз айту үшін, өзіміз мықты болуымыз керек. Ауруды жеңу үшін мықты рух керек. «Мен болдым, ау- ырдым, аурудан жеңілдім» деген адамға ауруы- нан айығып шығу қиындау. Сол үшін əр науқасты жақынымыздай көріп, жақсы сөзбен емдеген де кезіміз болды.

Адам баласы жақын адамына келгенде ештеңені де аямайды. Əр пациентімізге «жақсы сөзіміз – жарым ырыс» болады. Ертесіне бізбен жадырап күліп сөйлесіп отырған науқасты көргенде балаша қуанамыз.

Коронавируспен енді əлемде бірде бір адам ауырмаса екен деп тілейік. Келесі жылы ең салауатты жылдың бірі болғай.

Пікірлерді жазып алған: Нұргүл НАСЫР

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз