
Атырау өнімі: өңірде газдалған сусын шығаратын жаңа кәсіпорын іске қосылды
Атырау облысында газдалған сусын шығаратын жаңа өндіріс желісі іске қосылды. Бұл – аймақтағы алғашқы жобалардың бірі. Жаңа кәсіпорын лимонад, кола және мохито секілді өнім түрлерін ұсынады, — деп хабарлайды Өңірлік комуникациялар қызметі.

Компания алдағы уақытта тауар түрлерін көбейтіп, 2026 жылдан бастап олардың тізіміне салқын шай мен сүт өнімдерін қоспақ.

-Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы сағатына 2000 дана өнім шығаруға мүмкіндік береді, бұл айына шамамен 960 мың бөтелкені құрайды. Қондырғылар Қытайдан әкелінген және толықтай автоматтандырылған. Өндіріс процесі бірнеше кезеңнен тұрады: алдымен су сүзгіден өткізіліп тазартылады, кейін оған концентрат, қант және басқа да қажетті қоспалар араластырылады. Газдалған сусындарға көмірқышқыл газы қосылады. Дайын өнім бөтелкелерге құйылып, жапсырмалары жабыстырылады, кейін сапасы зертханалық тексерістен өтеді.
Жоба «Бірыңғай кешенді бағдарлама» аясында жүзеге асырылып, Халық банкі мен «Даму» қорының қолдауымен толықтай іске қосылды,- деді өндіріс директоры Дәурен Тулеуов.
Кәсіпорында тәулігіне 36 мың литрге дейін сусын өндіріледі. Өндіріс желісі 10 бірлік заманауи технологиялық қондырғымен жабдықталған. Екі ауысым бойынша ұйымдастырылған жұмыс барысында 7 қызметкерден еңбек етуде. Тұрақты түрде 14 маман тартылған.