Атырау облысының Бас имамы зират тұрғызудың басты үкімдері туралы айтты

img 0195 scaled 1 750x450 1 Жаңалықтар

Марқұм жерленген зират, тұрғызылған құлпытас мейілінше қарапайым болуы тиіс.

«Бұл туралы Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы Атырау облыстық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте айтты» деп хабарлайды орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.

«Қабірдің тереңдігін орташа ету, адам бойымен қазу – сүннет. Қабірді мәйіттің оң жағы Құбылаға қарайтындай етіп қазу керек. Және марқұм жерленгенге дейін астына төселген топырақты қабірге көмбеген дұрыс.

Құлпытастардан бөлек зират басына үлкен ескерткіштер, сәнді қоршаулар, мүсін кеуделер тұрғызу марқұмға ешқандай пайда бермейді. Өлілер үшін пайда келтірмейтін істі «тірілер көрсін немесе естісін» деген ниетпен жасау Алланың разылығынан алыстатады. Зират қоршалған жағдайда әрбір қабірге жеке-жеке қоршау жасаудың қажеті жоқ» деді Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.

Спикердің пікірінше, қабір көтеруге кететін шығынды тірілерге жұмсау – әлдеқайда сауапты.

«Ескерткіштерге кететін қаражатты жетім-жесірге көмектесу, көрші-қолаң, ағайын-туысқа қарайласу, білім ошақтарын тұрғызу, пайдалы кітаптар мен оқулықтар шығару сынды игі істерге жұмсап, сауабын қайтыс болған кісілерге бағыштау шариғат бойынша құптарлық игі іске жатады.

Шариғат заңдары зираттарды сәндеуді, үлкен ескерткіштер орнатуды талап етпейді. Керісінше мұсылман зираты барынша қарапайым болғаны жөн. Бұл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанымы» деп нақтылады Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

Еске сала кетелік, өткен жылы республикалық имамдар форумында мүфтият тарапынан «Зират және зиярат мәдениеті» құжаты қабылданған болатын.

«Орталық “Иманғали” мешітінің баспасөз-қызметі»

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз