АТЫРАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ТҰРҒЫНДАРДЫ ҚАБЫЛДАДЫ
МАХАМБЕТ ДОСМҰХАМБЕТОВ АЗАМАТТАРДЫ ЖЕКЕ СҰРАҚТАРЫ БОЙЫНША ҚАБЫЛДАДЫ.
«Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов өңір тұрғындарын жеке сұрақтары бойынша қабылдады»,- деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Аймақ басшысына өздерін толғандырып жүрген түрлі сауалмен өңірдің оннан астам азаматы жүгінді. Тұрғындардың негізгі сауалдары баспанамен қамту, жер телімін бөлу, жұмысқа орналасу мен ономастикаға қатысты болды.
Мәселен, құрманғазылық азамат ІІ топ мүгедегі С.И. тұрғын үйін жекешелендіріп беруді сұрады.
Бұл сауалға жауап берген Құрманғазы ауданының әкімі Марат Мұрзиев барлық жағдай жан-жақты зерделенгенін, алайда заң тұрғысынан аталған баспана жекешелендіруге жатпайтынын айтты. Дегенмен, 2016 жылы мүгедектігіне байланысты тұрғын үй кезегіне тіркелгенін, кезек ретімен алдағы уақытта баспана берілетінін жеткізді.
Ал, Атырау қаласының тұрғыны А.Қ. Ұлы Отан соғысында қаза тапқан соғыс ардагері, атасы С.А-ның атын көшелердің біріне беруін сұрады.
«Атам 1941 жылы Ұлы Отан соғысына аттанған. 1942 жылы із-түссіз жоғалғаны туралы қара қағаз келген. Ел үшін өмірін қиған ардагердің еңбегін ескеріп, қаламыздағы ықшам аудандардың бірінен көше атауын беруді сұраймын»,-деді ол.
Бұл сауалға облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Әсия Қыстаубаева жауап берді. Көшелерге, объектілерге атау бергенде Үкімет жанындағы Республикалық ономастика комиссиясымен бекітілген «Тарихи тұлғалар» тізімі басшылыққа алынатынын айтып, түсіндірді.
Қабылдау барысында облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов азаматтардың арыз-шағымдарына уақытылы, дәйекті жауап беріп, мәселелерді заң шеңберінде шешуді тапсырды. Сондай-ақ, аймақ басшысы бұл жергілікті атқарушы органдардың алдындағы маңызды міндеттердің бірі екенін айтып, тиісті сала басшыларына аталған мәселелерді мұқият бақылауда ұстауды тапсырды.