Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Наурыз мерекесімен құттықтады
«Қадірлі жерлестер! Әз-Наурыз мерекесімен байланысты көңіл төрінен шыққан көл-көсір ізгі тілегімізді қабыл алыңыздар! Жер-Ананың бусанып, бәйшешектің бүр жарып, жан дүниенің жаңғырған көктемгі күн мен түннің теңелуін ата-бабаларымыз шаттықтың, молшылықтың, бірліктің мерекесі ретінде Ұлыстың ұлы күні деп атаған. Наурыз барша қазақстандықтар үшін – ол, ең алдымен, татулық пен бірліктің, ынтымақ пен шалқыған бақыттың, жаңару мен жасампаздықтың мерекесі.
Көктем шуағына ілесіп жаңа жыл келеді, жаңа бастамаларға жол ашылады. Халқымыздың ғасырлар бойғы ұлттық құндылықтары мен рухани мол мұрасы Наурыздан ерекше көрініс табады, Ұлы Дала перзентінің бейбітсүйгіш болмыс-бітімі Ұлыстың ұлы күнімен біте қайнасып, күллі әлемге жарасымды сыйластықты паш етеді. Наурыз – шын мәнінде, бүкілхалықтық мереке, адами қасиеттер мен игі дәстүрді жас ұрпақтың бойына дарытуға кең өріс ашады. Көрікті де мазмұнды мейрам әр шаңыраққа береке әкелсін, әрбір адамның жүрегіне шабыт нұрын құйып, болашақ жолында жаңа істерге жігерлендірсін. Баршаңызға мықты денсаулық, сарқылмас бақ-береке, тек қана жақсылық тілеймін!» делінген құттықтауда.