
Атырау облысының әкімі С.Шәпкеновтың ҚХР-ға жұмыс сапары: бауырластық қатынастар жөніндегі хаттамаға қол қойылды
Аймақ басшысы Қытайдың солтүстік-шығысындағы Ляонин өлкесінің орталығы — Шэньян қаласында өткен “Шанхай ынтымақтастық ұйымы: Халықтар достығы және Бауырлас қалалар форумына” қатысты.
Іс-шара барысында Атырау облысы мен Ляонин провинциясы арасында бауырластық қатынастар жөніндегі хаттамаға қол қойылды.
Бұл келісім экономикалық байланысты дамытуға, бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға, екі өңірдің кәсіпкерлерінің арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға, тәжірибе алмасуға, білім мен ғылым, инфрақұрылым саласында тығыз жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Осы хаттаманың іске асуын жүйелі түрде үйлестіру үшін алдағы уақытта мемлекеттік органдар мен мүдделі құрылымдардың қатысуымен өзара жұмыс тобын жасақтау жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысының өңірге инвестиция тартып, өндірісті өркендету жолында берілген тапсырманы орындау мақсатында Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов бастаған делегация Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барғанын айта кетейік. Олардың құрамында өңірдің бизнес қауымдастығы, инвестиция тартуға жауапты мемлекеттік орган өкілдері мен депутаттар бар.
Іссапар аясында Атырау облысынан барған делегация Қытайдың 4 провинциясындағы 8 қалада болып, 15 кәсіпорынның жұмысымен танысады. Сондай-ақ 6 инвестормен кездесу жоспарланған.