Атырау облысының әкімі мүгедектер өкілін кеңесші қызметіне алды
Atr.kz/19 ақпан, 2020 жыл. Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов «Мүгедектер әлемі» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Гүлбаршын Нұржігітованы өзіне кеңесші қызметіне алды.
Ол бұл шешімін тұрғындар алдында есеп беру кезінде жария етті.
Облыс әкімінің есебіне келген мүмкіндігі шектеулі жандар өздерінің проблемаларын көбірек ортаға салды. Солардың бірі облыс әкіміне мүгедектер өкілін кеңесші етіп алуды ұсынды.
«Ұсыныс өте орынды. Мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруына жағдай жасау, қолайлы орта қалыптастыру, өмір сүру сапасын жақсарту – біздің басты ұстанымымыз.
Осы мәселемен айналысып жүрген Гүлбаршын Нұржігітованы білетін боларсыздар. Ол маған кеңесші болуға келісімін берді» деді тұрғынның сауалына орай облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.
Жолдасбек КӨШЕРБАЙҰЛЫ