Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Құрманғазы ауданының әкіміне бірқатар тапсырма берді
«Аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов Құрманғазы ауданының әкіміне ауданның онлайн есебінде халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында бірқатар тапсырма берді» деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.
Облыс әкімі ауданда өнеркәсіп өндірісі өнімінің көлемі кеміп, шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 2,1 пайызға төмендеп отырғанын сынға алды. Осыған байланысты жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу мүмкіндіктерін қарастыру, кәсіпкерлікті қолдау шараларын жалғастыру қажеттігін айтты.
«Құрманғазы ауданы — Ресей мемлекетінің Астрахань облысымен шекаралас жатқан бірден-бір аудан, яғни, өзге елдерден облысымызға келетін адамдардың басым бөлігі осы жерден өтеді, сондықтан, КВИ инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында қатаң сақтық шараларын алу және карантиндік шектеулердің сақталуын қадағалауды тапсырамын.
Тағы бір маңызды мәселе – ауыз су. Бүгінде аудан бойынша халықты таза сумен қамту деңгейі — 87,7%. Осыған орай, жүріп жатқан жобаларды сапалы әрі мерзімінде іске қосып, елді мекендерге су жеткізу іс-шараларын жүйелі жүзеге асыруды ұйымдастыру керек»,- деді Махамбет Досмұхамбетов.
Сондай-ақ, ауданы бойынша жалпы құқық бұзушылықтардың бірқатар көрсеткіштерінде өсім бар екенін айтқан аймақ басшысы, аудан әкімдігіне полиция департаментімен бірлескен жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Сонымен қатар, ауданда жол қатынасын реттеу, жол сервистік нысандарды көбейту, елді мекендерді инфрақұрылымдық дамыту бағыттындағы жұмыстарды жалғастыруды міндеттеді.