ҚАЛАМЫНЫҢ ҚАРЫМЫН ТАНЫТҚАНДАР

газетіміздің үздік авторлары атанды 

Әдетте, газеттің тірегі – оның штаттан тыс тілшілері мен белсенді авторлары. Халықтың ортасында жүріп, басқалар байқамайтын кемшіліктерді алдымен аңдайтын да, сол олқылықтарға төзбестік танытатындар да солар. Жылт еткен жағымды жаңалығын жұртшылықпен бөлісіп, алдымен сүйінші сұрайтындар да – осы ел ішіндегі өкілдеріміз.

Облыстық «Атырау» газеті редакциясының алқасы Қой жылын қорытындылай келіп,  үздік авторларды анықтады. Бұған дейін де төл шығармашылығымен биіктен көрінген газет жанашырларына жаңа табыстар тілеп, тың есімдерді жария етпекпіз. Сонымен...

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өлкетанушы Өмірзақ ҚАЖЫМҒАЛИЕВ – есімі аймаққа танымал азамат. Қиғаш бойының ойы мен қырын төрт түлікке толтырып, мал шаруашылығын дамытуға сүбелі үлес қосып жүрген шаруагер сәл уақыт тапса, қолына қалам алады. Бірнеше кітабын да шығарып үлгерді.

Ал, биыл оның еліміздің арғы-бергі тарихын жете білетіндігі Қазақ хандығының 550 жылдығына орай газетіміздің бірнеше санында жарық көрген зерттеу материалдарына арқау болды. Мәселен, 30 мамырда жарық көрген «Әбілхайыр ханды елемеу әділеттілік пе?» атты мақаласында қазақ тарихында өзіндік ізі бар, еліміздің қалыптасуына ерен еңбек сіңірген тұлға төңірегінде толғанып, жадыдан шығаруға болмайтын шындықтың шымылдығын түреді. Автордың газетіміздің 5 қыркүйектегі 99-санында жарияланған «Жәңгір ханның тұлғалық бейнесі» атты материалы ащы ақиқаттың астарын аша түседі. Тарихи тұлғаның өмір сүрген дәуірін сипаттай келе, оны жазықсыз жаладан арашалайды. Патшалы Ресейдің қазақтарға қаншалықты тізе батырғанын баяндайды. Құрманғазылық автордың бұдан басқа да тереңнен қозғаған бірнеше тарихи танымдық материалы оқырман назарына ұсынылды. Редакциялық алқа бірауыздан Өмірзақ Қажымғалиевті өлкетану саласы бойынша үздік автор деп атады.

 

Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Қосыбек Ырзағалиев – газетіміздің байырғы авторларының бірі. Бүкіл саналы ғұмырын осы салаға арнап, оны одан әрі дамытуға бағытталған ғылыми жаңалықтар енгізген, сөйтіп толайым табыстарға қол жеткізген ол «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Ғалым қолы қалт еткенде өзі жете білетін, жан-жақты зерттеген ауыл шаруашылығы проблемалары туралы сөз қозғайды. Мәселен, газетіміздің биылғы 1 желтоқсандағы 136-санында жарық көрген «Жер өз иесін табуы керек» атты мақаласында аймақтағы игерілмей жатқан жерлерді ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында тиімді пайдалану қажеттігін қозғайды. Бұл – расында да, көптен бері сөз болып келе жатқан, түйіні тарқатыла қоймаған проблема.

Бүгінде Елбасының бастамасымен ауылға көп көмек көрсетілуде. Шаруашылығын шалқытып, ісін ілгері апаруға ұмтылғандарға барлық жағдай жасалуда. Жеңілдетілген әдіспен несиелер берілуде. Ендеше, неге тың жобаларды батыл қолға алмасқа? Автор газетіміздің 23 мамырдағы 56-санында жарық көрген «Инновация – ауылға да жат емес» атты мақаласында осы өзекті мәселені көтереді. Елдегілерді ерінбей еңбек етуге шақырады.

Редакция алқасы Қосыбек Ырзағалиевті ауыл шаруашылығы саласы бойынша үздік автор ретінде таныды.

 

Полковник Гүлнәзира МҰХТАРОВА – ішкі істер органы ардагерлерінің бірі. Ердің ері ғана жанына серік ететін қауіп-қатері мол мамандықты қалаған қазақ қызы отыз жылдан аса уақыт сүйген қызметінен қол үзген жоқ. Ол – Атыраудағы санаулы ғана жоғары шенді офицер қыздардың бірі. Кезінде біраз уақыт журналистика саласында қызмет істеді. Сондықтан, түрлі қылмыстық оқиғаларды бұқаралық ақпарат құралдарына шынайы жеткізумен ғана шектелмейді. Сонымен қатар, әлеуметті алаңдатып отырған мәселелерге де қалам тербейді. Тәртіп сақшысын, әсіресе, жастар арасындағы нашақорлық, оларды жат ағымдардан сақтандыру жайы көбірек мазалайды. Осындай және өзге де проблемалар оның «Шақырылмаған» қонақтар», «Полицейге пара бермекші болыпты», т.б. материалдарында көрініс тапқан. Редакциялық алқа Гүлнәзира Мұхтарованы құқық қорғау саласы бойынша үздік автор деп атады.

 

Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Абат КЕНЖЕҒАЛИЕВ есімін де атыраулықтар жақсы біледі. Оның, әсіресе, ұлттық құндылықтар, халқымыздың салт-дәстүрі туралы жазған материалдарын оқырмандар жылы қабылдады. Наурыз мейрамының мәні мен маңызын ашатын, қазақы қағидалардың тәрбиелік тәлімін білдіретін мақалалары жұртшылық жадында. Мәселен, «Елі іші – өнер кеніші» аталатын сараптамасында автор халық арасынан шыққан таланттар туралы айтады. Сайып келгенде, кезінде сахнаның сәні болған тарландар да, бүгінде қазақ өнерінің жұлдыздары атанып жүрген әншілер де ауылдан қанаттанған. Кәсіби шеберліктің шыңына шыққанша бастапқы тәлімін сонда алған. Ендеше, осындай талапты жастарды неге іздемеске? Соларды сұрыптап, неге үлкен өнерге жолдама бермеске? Міне, ол осы мәселе төңірегінде толғанады. Газетімізде, сонымен қатар, оның «Өркениет көшіне – ұлттық құндылықпен», «Өнерге өткір көз керек», «Алмас кездік қап түбіне жатпайды», «Ауыл, мәдениеті және оның проблемалары» атты материалдары жарық көрді.  Редакция алқасының бірауыздан қабылдаған шешімімен Абат Кенжеғалиев мәдениет саласында үздік автор атанды.

 

Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік университеті З.Қабдолов атындағы ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Қылышбай СҮНДЕТҰЛЫ есімі атыраулықтарға жақсы мәлім. Бос уақытының денін мұрағаттардағы сарғайған құжаттармен жұмыс жасауға жұмсайтын ғалым шөп арасынан ине іздегендей талмай тер төгуден жалықпайды. Сөйтіп тапқан маржан сырларын, тарихтың құпия қалтарыстарын жұртшылықпен бөлісуге асығады. Оқырмандар, әсіресе, оның ілгергі жылдары облыс баспасөзінің шежіресі жайлы жазған сериялы материалдарын жақсы біледі.

Биыл автор жеке адамдар жөнінде жазған бірнеше мақаласымен ерекшеленді. Солардың бәрінде де құр баяндау емес, кейіпкердің болмысын ашуға ұмтылушылық бар. Мәселен, газетіміздің 10 қаңтардағы 2-санында жарық көрген «Шебер қолды кескіндемеші» атты материалында бейнелеу өнерінің майталманы Қамбарбек Аманов туралы толғанады. Оның биыл «Ұстаздың ұлағаты», «Үзілмеген үміт», «Жүрегімдегі жарқын бейне», «Өнегелі жол», т.б. бірнеше материалына газетімізден орын берілді. Редакция алқасы Қылышбай Сүндетұлын тарих саласында үздік автор деп таныды.  

 

Біз бұл тілші – авторларымызды оқырманның ойынан шыққан тартымды материалдары үшін үздіктер сапынан көрінуімен құттықтап, оларға алдағы уақытта арнайы диплом мен «Атырау» газетінің 90 жылдығына  орай шығарылған «Өңір және өмір» кітабы тапсырылатындығын хабарлаймыз.

 

Облыстық «Атырау» газетінің

редакция алқасы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз