«ЖҮРІС КӨБЕЙСЕ, ВИРУС ТА КӨБЕЙЕДІ»: Атырау облысының әкімі карантинге байланысты тұрғындарға Үндеу жолдады (+ВИДЕО)
Atr.kz/30 наурыз, 2020 жыл. Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов үндеу жолдады.
Құрметті атыраулықтар, қадірменді жерлестер!
27 наурыз күні қаламызда 3 азаматтың коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталды. Ал ресми дерек бойынша, таңертен олардың саны 6-ға жеткендіктен бүгін күндіз Атырау облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері арнайы Қаулы қабылдады. Бұл құжатқа сәйкес, 2020 жылдың 30-шы наурызы сағат 00.00-ден бастап Атырау қаласына карантин енгізіледі. Ал облыс көлемінде шектеу шаралары қабылданады. Қаулының толық мәтіні жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
Біз сіздердің амандықтарыңыз бен қауіпсіздіктеріңіз үшін осындай қадамға бардық. Мақсатымыз — қауіпті вирустың таралуының алдын алу. Коронавирус инфекциясы қазірдің өзінде әлемде 700 мыңдай адамға жұқты. Білім-ғылыми мен медицинасы дамыған АҚШ-тың өзі инфекция жұқтырудан бірінші орынға шықты. Италияда ауырғандарға баратын дәрігерлер жетпей қаншама адам үйлерінде көз жұмуда.
Сақтансаң сақтайды! Бұл вирусты жеңудің төте жолы — гигиеналық тазалықтың мінсіздігі мен үйден шықпау. Той-томалаққа, адам көп жерлерге бармау — өз өміріңді сақтау. Әрбірден соң өзгенің өміріне қауіп төндірмеу екені естеріңізде болсын. Әлемде коронавирусты жеңудің бұдан асқан емі табылған жоқ.Қонаққа бару, базар мен дүкендерде топырлап жүру — ең үлкен қауіп екенін ескертемін. Себебі, жүріс көбейген сайын — вирус көбейеді.
Шұбырып әрі-бері жүргенді қойыңыздар. Өзіңізді, бала-шағаңызды, әулетіңізді ойласаңыз, үйден көп шықпаңыздар. Қазына қарияларымызға да қатер төндірмеуді ойлаңыздар. Күнделікті бір адам ғана керек-жарақты әкеліп тұрса, бұдан асқан қорғаныс жоқ. Сабырмен, ақылмен аз ғана уақыт шыдасақ, күнделікті өмірімізге қайта ораламыз.Сонда ғана аурудың тарауы тез тыйлып, жұқтырғандарды жылдам емдей аламыз.
«Қамысты бос ұстасаң қолыңды кеседі» дейді атам қазақ. Сондықтан қазір әсіресе, жастарды қатты ұстаңыздар. Өйткені, әлемнің көптеген елінде инфекцияны тасушы әрі өзгелерге жұқтырушылардың басым көбі жастар екені айтылуда. Қазір бұрынғы заман емес, байланыс құралдары дамыған. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы тума-туыс, көрші-қолаңмен еш қиындықсыз тілдесе аласыздар. Үйде кітап оқып, кино көріп, балаларыңыз бен отбасыларыңызға көбірек көңіл бөліңіздер. Бұл күндерді — сол үшін таптырмас мүмкіндік ретінде көріңіздер.
Тәртіп бұзғандарға тиісті құқық қорғау қызметтері қатаң шаралар қолданатынын ескертемін. Сіздерді де тәртіпті болуға ғана емес, тәртіпті бірге қорғауға шақырамын. Себебі, бұл баршамыздың қауіпсіздігіміз үшін жасалып жатқан шаралар. Басын қауіпке тігіп жүрген дәрігерлер мен инфекционистерге алғыс айтамын. Күні-түні тәртіпті күзететін құқық қорғау және өзге де сала қызметкерлеріне де ризашылығымды білдіремін. Өкінішке қарай, инфекция жұқтырғандар саны 12-ге жетті.
Құрметті атыраулықтар, бұл біздің төзіміміздің нағыз сыналатын уақыты. Бұл жолы да тәртіп пен тазалықтың арқасында мерейіміз үстем болады деп сенемін.
***
Сондай-ақ, облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шәпкенов, облыс әкімінің орынбасары Ержан Әбілханов, облыстық полиция департаменті жергілікті қызмет басқармасының басшысы, полиция полковнигі Әлібек Қайыров Атырау облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің биылғы 29 наурыздағы №8 Қаулысына сәйкес түсінік берді.
Аталған Қаулы бойынша 30 наурыз сағат 00.00-ден бастап Атырау қаласы аумағына карантин енгізілді. Ал, облыс аумағына қатысты шектеу шаралары қабылданды.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
—