Атырау облысының әкімі Доссор кентіндегі жаяу жүргіншілер өткелінің сапасын қарап шықты
Atr.kz/4 тамыз, 2020 жыл. Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Мақат ауданына жұмыс сапары барысында Доссор кентінде салынып, жуырда пайдалануға берілген жаяу жүргіншілер өткелінде болып, жұмыс сапасын қарап шықты.
Еске сала кетейік, Атыраудың Мақат ауданы, Доссор кентіндегі өткел мәселесі талай жылдан бері шешілмей келген еді. Екі мыңнан астам халқы бар «Ынтымақ» және «Бірлік» елді мекендерін Доссор кенті орталығымен темір жол бөліп тұр. Ауыл тұрғындары емхана, балабақша, мектепке немесе әкімдікке бару үшін темір жол астынан салынған құбырдан өтіп жүрді.
Жыл басында өңірге «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жұмыс сапармен келген кезде Доссор тұрғындары осы мәселені көтерген болатын. Енді міне, тұрғындар тілегі орындалып, доссорлықтар үшін жаяу жүргіншілер өткелі де салынды. Доссордың «Бірлік» және «Ынтымақ» ықшам ауданы тұрғындары кент орталығына теміржолдан қауіпсіз жол арқылы қатынай бастады.
Бұрын балаларын мектепке жіберіп одан үйге келгенше алаңдап отыратын ауыл адамдары облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовке ризашылықтарын жеткізді.
«Доссордан ауылға қатынайтын автомобиль жолы бұрыннан бар, бірақ ауылдан алыс. Күніне ондаған пойыз өтіп жатқан теміржолдан арнайы өткелсіз өту — өте қауіпті. Сондықтан құбыр арқылы өту азапты болса да, халық үшін басқа амал жоқ еді. Айналасы ми батпақ, тайғанақтай жүріп құбырдың келесі бетіне шығу, әсіресе, жасы ұлғайғандар үшін оңай емес», — деп өткен күндерін еске алды темір жол қызметкері Алла Шакова.
Айта кетелік, темір жолды қиып өтетін жаяу жүргіншілер өткелі бетоннан құйылып жасалған. Өткелге бағдаршам мен пойыздың жақындағанын білдіретін дыбыстық белгі орнатылған, арнаулы жолақ, басқа да қауіпсіздік белгілері қойылып, айналасы жарықтандырылған.
«Атырау облыстық коммуникациялар қызметі»