Атырау облысында жоғалған үш адам бір күннен соң табылды
Атырау облысында жоғалған үш адам бір күннен соң табылды. Оның екеуі балық аулауға, біреуі мал іздеуге шыққан.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, екі жігіт кеше, 20 қарашада кешкі сағат 09:00-де жоғалып кеткен.
«Атырау қаласына таяу орналасқан Құрсай ауылының екі тұрғыны – 23 және 21 жастағы екі жігіт моторлы қайықпен Каспий теңізіне қарай шығып кеткен. Бірақ, балық аулауға кеткен жігіттер кері оралмаған. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жоғалған балықшыларды Каспий теңізінің жағалауынан іздестіруді кеше, 20 қарашада сағат 09:32-де бастап, кешкі сағат 21:25-ке дейін жүргізді. Іздестіру жұмыстары жұмыстары бүгін, 21 қарашада қайта жалғасып, сағат 11:25-те хабарсыз кеткен балықшылар табылды», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Іздестіру жұмыстарына Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінен 2 адам, 1 техникамен, Атырау қалалық полиция басқармасынан 1 адам қызметкер мен туысқандары тартылды.
Сондай-ақ, Құрманғазы ауданындағы Ниетбай ауылынан 8 шақырым қашықтағы Сасықтау учаскесінен 40 жастағы әйелдің хабарсыз кеткені анықталды.
«Әйел адам мал іздеуге шығып, үйіне кері оралмаған. Оны 8 адам 3 техникамен іздеп, күннен соң Сасықтау учаскесінен 15 шақырым қашықтан тапты», -деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.
Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің көмегімен табылған үш адам медициналық көмекті қажет еткен жоқ.