Атырау облысында – жаңа бас эколог
Аtr.kz/18 маусым, 2020 жыл. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің жауапты хатшысының бұйрығымен Атырау облысы бойынша Экология департаментінің басшысы болып Әлібек Бекмұхаметов тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Әлібек Мұратұлы 1983 жылы 9 ақпанда Қарағанды облысының Нұра ауданындағы Киевка кентінде дүниеге келген. Бірнеше жоғары білімі бар. Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «Экология және табиғатты пайдалану», Қазтұтыну одағы Қарағанды экономикалық университетін «Құқықтану бакалавры» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2004-2005 жылдары ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Астана қалалық аумақтық қоршаған ортаны қорғау басқармасында атмосфера ауасы мен радиациялық қауіпсіздікті мемлекеттік бақылау бөлімінде бастаған. 2006-2008 жылдары ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің аталмыш бөлімінде бас маман болды. 2010-2012 жылдары ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитеті Есіл экология департаментінің мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің бастығы, 2012-2017 жылдары ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша экология департаменті бастығының орынбасары-Солтүстік Қазақстан облысы бойынша бас мемлекеттік экологиялық инспекторы лауазымын атқарған.
2017-2019 жылдары ҚР Энергетика министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары-Қарағанды облысы бойынша бас мемлекеттік экологиялық инспекторы, 2019-2020 жылдары ҚР Энергетика министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары болған.