Жарнама
Жаңалықтар

Атырау облысында су тасқынымен күрес қалай жүруде

Облыста су тасқынының алдын алуға бағытталған жұмыстар жүріп жатыр. Әсіресе, шалғай жатқан Қызылқоға ауданындағы жағдай алаңдатарлық. Соған қарамастан Қызылқоға ауданы әкімдігінің өкілдері «Жағдай толық бақылауда» дейді. Бүгінде өр суының ауылдарға кірмеуі қадағаланып, қауіпті сейілту мақсатында Ойыл өзенінің бойындағы округтерде ауқымды жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі болды. Ауданда су тасқынына қарсы күрес штабы құрылған.

– Биылғы 10 наурыздан бастап ауа райының күрт жылынуының салдарынан қар еріп, Ойыл өзенінің деңгейі көтеріле бастады. Осыған орай, ауданда сақтық шаралары күшейтіліп, бөгеттерді (7,2 км) қосымша бекіту, нығайту жұмыстары жедел қолға алынды. Судың көп мөлшерде келуінен Миялы ауылын су басу қаупі туындап, 11 наурыз күні Жангелдин-Миялы бағытындағы тас жол жырылып, қауіп сейілді. Осыған байланысты Жангелдин, Ойыл, Көздіғара, Тасшағыл, Жамбыл, Қызылқоға ауылдық округтерімен автокөлік қатынасы тоқтатылды, — деді Қызылқоға аудандық мемлекеттік құқықтық жұмылдыру дайындығы және төтенше жұмыстар жөніндегі бөлімнің бас маманы Серікбай Тапаев.

Аудан әкімінің шешімімен 13 наурызда Қызылқоға ауданы аумағында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған. Тасқын судан қорғану бөгетін салу мақсатында қосымша техникалар тартылып, ортақ іске халық жұмылдырылыпты. Көлік қатынасы тоқтауына байланысты бүгінде тұрғындар Миялы–Жангелдин ауылдарының арасына қайық арқылы қатынауда. Ол үшін облыстық төтенше жағдайлар департаментінің құтқару жасағынан 4 қайық, жеке кәсіпкердің есебінен 1 қайық көмекке келген. Миялы ауылы бойынша тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, жағдай бақылауға алынып отыр. Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин, Ойыл, Көздіғара, Тасшағыл, Жамбыл, Қызылқоға, Тайсойған ауылдық округтерінің елді мекендерінде сақтық шаралары күшейтіліп, бөгеттерді қосымша бекіту, нығайту жұмыстары жүргізілуде.

– Көктем шығысымен еріген қар суы Сағыз, Ноғайты өзендеріне құйылып, Сағыз ауылына қауіп төндірген болатын. Ал, Сағыз ауылында су тасқынынан қорғау жұмыстары жүргізіліп, оған төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен қатар, ауыл тұрғындары да атсалысты. Сағыз, Ноғайты өзендерінің бойында қосымша бөгеттер соғып (6 км, 7000 қап), сақтық шараларын жүргізуге ауылдың жеке кәсіпкерлері өз техникаларымен көмектесті, — деді Серікбай Төлеубайұлы.

Қазіргі уақытта тасқын су басу қаупі бар барлық елді мекенде сақтық шаралары жүргізілуде. Құрманғазы ауданында көктемгі су тасқынына қарсы қорғаныс бөгеттерінің аса қауіпті учаскелерін бекіту жұмыстары қарқын алған.

Құрманғазы ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы Гүлхат Хамзаның айтуынша, өзендердің су басу қаупі бар жағалаулары мен сағалары анықталып, осал бөгеттерді бекіту жұмыстары басталған.

– Қазіргі уақытта ауданда су тасқынына қарсы қорғаныс бөгеттерінің аса қауіпті учаскелері болып Шортанбай, Көптоғай, Дыңғызыл ауылдық округтерінің 6 шақырымы саналады. Атап айтқанда, Шортанбай ауылдық округінің қорғаныш бөгеттерінің 1000 метрі, Көптоғай ауылдық округінде 1500 метрі және Дыңғызыл ауылдық округінде 800 метрі аса қауіпті деп танылды, — деді Гүлхат Мадатқызы.

Қазіргі таңда ауданда бөгеттерді қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін қажетті қаржы бөлініп, Шортанбай және Дыңғызыл ауылдық округтерінде жаға бекіту құрылысы жұмыстарына жауапты мердігер мекемелер анықталып, жұмыстар басталған. Аталған округтерде судан қорғау бөгеттерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Топырақ төгіліп, биіктетілуде. Сонымен қатар, арнайы қаптар топырақпен толығып, жаға бөгеттеріне орналастырылуда. Осындай бөгет бекіту жұмыстары Көптоғай ауылдық округінде де жүргізілмек. Жылыой ауданында су тасқынының алдын алу мақсатында Құлсары қаласында бұзылған бөгеттерді қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, шлюздер тазартылған.

– Демеушілік көмек арқылы арнайы техникалар жұмылдырылып, Тұрғызба, Қарағай ауылдарында судан қорғаныс бөгеттерін топырақпен биіктетіп, нығайту жұмыстары жүргізілді. Аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен №5, №7, «Атырау» және «Автожолшылар» шағынаудандарына топырақ төгу жұмыстарына ар — найы техникалар жұмылдырылды. Бұл жұмыстар 8-ші ауыл, СМП-224 және №1 шағынаудандарында да жалғасын табатын болады, — деді Жылыой ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ақмоншақ Әбілхасова.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button