Атырау облысында санитарлық- эпидемиологиялық ахуал тұрақты
Тасқын басталғалы бері Атырау облысында су арқылы тарайтын жұқпалы аурулар тіркелмеген. Бұл туралы облыстық төтенше жағдай жөніндегі жедел штаб хабарлады.
Атырау облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Искакованың айтуынша, мамандар тарапынан судың сапасын бақылауға арналған сынама тұрақты түрде алынуда.
–Мамандар ауыз су және ашық су көздеріне тиісті зерттеулерді апта сайын жүргізіп жатыр.
Қазір тасқын болған аумақтардағы ауыз су сапасы гигиеналық талаптарға сәйкес келеді. Десе де, Құлсары, Махамбет, Индер аудандарындағы су сапасы жіті бақылауымызда. Тұрғындарды ашық су көздерін ауыз су ретінде тұтынбауға шақырамын, — деді Атырау облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Искакова.