Атырау облысында қойдың жабағы жүніне сұраныс жоқ
Атырау облысында қойдың жабағы жүніне сұраныс жоқ. Өтпеген өнімді шаруашылықтар қоқысқа тастайды. Біз аралап көрген Қызылқоға ауданында 170 мыңнан астам қой мен ешкі жайлауға шығыпты. Егер орта есеппен бір бас қой көктем мен күзгі қырқымда 3 келі жүн береді деп есептесек, бір ауданнан жылына 510 тонна жүн жиналады екен.
Өкінішке қарай, осынау ең байлық сұраныстың жоқтығынан текке рәсуа болып жатыр. Оны жуып-тазалап, сұрыптайтын кәсіпорын жоқ. Ал, өңделмеген жүнді, соның ішінде қазақы «еділбай» қойының жабағысын ешкім керек қылмайды. Соңғы жылдары мал шаруашылығына бет бұрған Атырау облысында 2 млн-нан астам ұсақ жандық бар. Енді 15-20 күнде көктемгі жабағы қырқымы басталмақ. Бірақ, жылдағы жағдай биыл да қайталанатын сыңайлы.
–Жылдан жылға жүн мәселесі қиын болып тұр. Өтіңкіремейді, сосын далаға қоқысқа тастаймыз. Еділбай – қылшық жүнді қой болғаннан кейін оның жүніне сұраныс жоқ. Босқа қырқамыз. Тек мал оңалу үшін ғана үстінен жабағысын түсіреміз, бірақ сол жерде қалады. Өзінің қырыққан шығынын да ақтамайды. Күземді былтыр Ресейге де апарғанбыз, бірақ бір құжаттары үйлеспей қалып қойды. Негізі ол жақта сұраныс бар, байпақ өндірісіне алады, — дейді шаруашылық жетекшісі Құрманбек Жаңабаев.