Төтенше жағдай кезіндегі сот жұмысы

oblsot Жаңалықтар

Atr.kz/19 наурыз, 2020 жыл. Қалыптасқан ахуалға байланысты Атырау облыстық сотының жұмыс тәртібі өзгерді.

Ведомствоның ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы Мейрамгүл Өтеғұлованың мәлімдеуінше, енді сотқа келуші азаматтар мен процеске қатысушылар  жалпықауіпсіздік үшін сот ғимаратына міндетті түрде бетпердемен келуге тиісті.

Сонымен қатар COVID-19 жаңа коронавирусының пандемиялық сипат алуына орай Мемлекет басшысының республикада төтенше жағдай енгізуіне байланысты бірқатар шараларды қабылдады. Атап айтқанда:

1. Процестік мерзімдері бар сот істерін қарау кейінге шегерілді (оның ішінде тоқтата тұру, кейінге қалдыру, мерзімдерін ұзарту және т.б. бар).

2. Сот процестерін ақпараттық технологиялардың көмегімен қашықтықтан жүргізу ұсынылады (бейнебайланыс немесе «TrueConf» мобильді қосымшасы арқылы).

3. Рұқсат етудің қысқартылған мерзімдеріне (тергеу соттары, жеделдетілген бұйрықтық, келісілген іс жүргізудегі және т.б. істер) байланысты қылмыстық істер мен материалдарды, үкімдерді орындау тәртібіндегі, сондай-ақ адамдарды ұстаумен немесе қамаққа алумен байланысты істерді қарауды жоғарыда аталған ұсынымдарды ескере отырып, барынша оқшауланған және процеске қатысатын адамдардың қауіпсіздігі жағдайында жүзеге асыру ұсынылады.

4. Облыстың (қалалық, аудандық) барлық соттарында азаматтарды жеке қабылдау төтенше жағдай аяқталғанға дейін тоқтатылады.

5. Семинарлар, конференциялар, жұмыс отырыстарын өткізу, сондай-ақ сот ғимараттарынан тыс жерлерде өтетін іс-шараларға судьялар мен сот қызметкерлерінің қатысуы тоқтатылады.

Бұдан басқа, «Тұрғындарға, атқарушы және құқық қорғау органдарына, адвокаттар қауымдастығы мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне туындаған ахуалға түсіністік танытуды және өтініштерді/ істер мен материалдарды сотқа беруді неғұрлым кейінге шегеруді сұраймыз» делінген ресми ақпаратта.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз