Атырау облысында полицейлер адам азаптады деген күдікке ілінді
«Атырау облысында адам азаптады деп күдікке ілінген полицейлер ұсталды» деп хабарлайды Қазақпарат.
Басылым ұсынған ақпаратқа сәйкес, Жылыой аудандық бөлімінің 26 жастағы екі жедел уәкілінің ұсталуын Атырау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлері жүргізген. Олардың «ұрлық жасады» деген күдікпен қолға түскен Құлсары қаласының тұрғынын күшпен мойындатқаны белгілі болды. Жауап алу кезінде соққыға жығылған ер адам сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке арызданған.
Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі тәртіп сақшыларының ұсталғанын растап отыр. Қазіргі кезде қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша, 146-баптың 2-бөлігі 1-тармағы («Адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша жасалған азаптаулар») және 362-бап 4-бөлігі 1, 3-тармақтары (пайда алу мақсатында күш қолданып немесе оны қолданамын деп қорқытып билікті немесе лауазымды өкілеттігін асыра пайдалану) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.