
Атырау облысында көктайғаққа байланысты жол жабылды
Бүгін, яғни 16 желтоқсан күні 11.30-да ауа-райының бұзылуына, яғни, жаңбыр жауып, көктайғақ болуына байланысты «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» тас жолының 712-893 шақырымы аралығында Жанбай -Котяевка жолының көлік қозғалысына шектеу қойылды, деп хабарлайды atr.kz тілшісі.
Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» АҚ Атырау облыстық филиалы өкілдері хабарлады.
Тас жолдарды қысқы күтіп ұстау жұмыстары мен ауа-райының құбылмалылығына байланысты жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ҚР Көлік министірлігіне қарасты «ҚазАвтожол» АҚ АОФ, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК АОФ және «ҚАЖсервис» ЖШС өкілдері бірлесіп жұмыс — істеп жатыр.

«Атырау облысы бойынша ауа температурасы -8-10°. Күн бұлтты. Құрманғазы ауданында жаңбыр, Махамбет ауданында қар жауды. Құрманғазы ауданында жаңбыр салдарынан көктайғақ болып, республикалық «Атырау-Астрахань» жолында көлік қозғалысына шектеу қойылды. Қазір аталған жолдың 712-893 шақырымыаралығында 6 техника, 10 адам жұмыс істеп жатыр. Жолға бір тәулікте 18 м3 инертті материал себілді,-деді «ҚазАвтоЖол» АҚ АОФ бөлім басшысы Қуанышбек Шортабаев.