Атырау облысында дәрі-дәрмекті тұрақтандыру қоры ашылды
Atr.kz/30 шілде, 2020 жыл. Атыраудағы тұрақтандыру қоры дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды 4 миллион 800 мың теңгеге сатып алған. Жалпы, бұл мақсатқа 500 миллион теңге бөлінді, деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.
Өңірге соңғы екі аптада 100 тонна дәрілік зат келді. Облыс әкімдігінің қолдауымен аталған препараттарды аймаққа жедел жеткізу мәселесі шешілді. Алдағы екі күнде тағы 40 тонна дәрілік затты жеткізу жоспарлануда. «Атырау» ӘКК және дистрибьютор 40 дәрі-дәрмектің тұрақтандыру қорын құру туралы келісімге қол қойды. Сондай-ақ, «СК Фармация»-дан дәрілік заттар апта сайын үздіксіз жеткізілетін болады.
— Атырау облысының әкімдігі және «Атырау» ӘКК-мен бірлесіп тұрақтандыру қоры құрылды. Осы мақсатта жыл соңына дейін 4 миллион 800 мың орама болатын дәрілік зат пен медициналық бұйым сатып алуға 500 миллион теңге бөлінді. Оның 900 мың орамасы төмендетілмейтін қалдықты құрайды. Бүгінгі таңда өңірдегі қоймаларға 240 миллион теңгеге 688 мың дана орама жеткізілді. Алғашқы жеткізілім жүк тасымалдау үшін ұшақпен қамтамасыз еткен «ТШО» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылды. Оның 50 миллион теңгелік дәрі-дәрмегі мен медициналық өнімі облыстың Индер, Құлсары аудандарына жіберіліп, ендігі кезекте жүк Құрманғазы ауданына да жөнелтілмек. Ал, қалған аудандар дәрі-дәрмекпен жақын арада қамтамасыз етілетін болады, — деді «Атырау» ӘКК » АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Данияр Таханов.