Атырау облысында 3 кандидат Сенат сайлауына түседі
Атырау облысында Сенат депутаттығына 5 кандидат тіркелген еді. Кейін 2 кандидатты тіркеудің күші жойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының ақпаратына сүйенсек, Атырау облысынан Сенат депутаттығына 3 кандидат тіркелді. Оның ішінде 1 әйел, 2 ер адам бар. Кандидаттардың 2-еуі – мемлекеттік кәсіпорын мен мекеменің, ал, 1-еуі – мәслихат аппаратының қызметкері. Олар заңгер, ауыл шаруашылығы және білім саласының қызметкері мамандығын алған. Олардың орташы жасы – 57-де.
Мәселен, Әлібек Ибатоллаұлы Нәутиев 1963 жылы дүниеге келген. 1994 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын зооинженер, 2001 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін экономист-қаржыгер, 2003 жылы «Қайнар» университетін заңгер мамандығымен бітірген.
Еңбек жолын 1980 жылы Махамбет ауданы Таңдай орта мектебінің дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып бастаған. 1986-1987 жылдары «Бақсай» асыл тұқымды қой кеңшарында мал дәрігері болған.
1993-1997 жылдары Махамбет ауданы әкімінің орынбасары-аудандық экономика комитетінің төрағасы, 1997-2003 жылдары Қызылқоға ауданының, 2003-2008 жылдары Құрманғазы ауданының әкімі лауазымын атқарған. 2008 жылы Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы, 2008-2009 жылдары Индер ауданының әкімі болып тағайындалған.
2014-2015 жылдары облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы, 2015-2016 жылдары Махамбет ауданының әкімі, 2016-2021 жылдары Атырау облысы әкімінің орынбасары болған. 2021 жылдың 15 қаңтарында VІІ шақырылған Атырау облыстық маслихатының хатшысы болып сайланды.
Екінші кандидат – Бағыт Кеңесқызы Шеркешбаева 1964 жылғы 22 тамызда Мақат поселкесінде дүниеге келген. 1986 жылы С.М.Киров атындағы ҚазҰМУ-дің математика факультетін бітірген. Еңбек жолын 1986 жылы Гурьев қаласындағы №24 орта мектепте математика пәнінің мұғалімі қызметінен бастаған.
1990-2011 жылдары Атырау мұнай және газ институтында оқытушы, аға оқытушы, жоғары математика кафедрасының доценті, профессор, кафедра меңгерушісі, оқу бөлімінің меңгерушісі, офис-регистратор директоры болып жұмыс істеген. 2011 жылдан бері С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжінің директоры. Атырау қалалық мәслихатының IV, V, VI, VII шақырылымдарының депутаты.
Үшінші кандидат – Ғилман Әміржанұлы Сәрсемәлиев 1968 жылы Атырау қаласына қарасыты Дамбы ауылында дүниеге келген. 1986 жылы Гурьев балық өнеркәсібі техникумын, 1999 жылы Астрахань мемлекеттік техникалық университетін бітірген.
1986 жылдан бері балық шаруашылығы саласында тәжірибе жинаған. 2000-2002 жылдары Жайық-Атырау бекіре шабағын өсіру зауытының инженер-балық өсірушісі, бас балық өсіруші, 2002 жылдан Атырау облысы әкімдігінің бас маманы, 2005-2007 жылдары Жайық-Атырау бекіре шабағын өсіру зауытының директоры болған.
2009-2010 жылдары Балық шаруашылығы комитеті төрағасының, Атырау облысы әкімінің орынбасары, 2010-2014 жылдары Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы лауазымын атқарған. 2015 жылдан бері Жайық-Атырау бекіре шабағын өсіру зауытының директоры болып жұмыс істейді.