АТЫРАУ ОБЛЫСЫНДА 18 АУЫЛДЫҚ ОКРУГ ӘКІМІ ЖАҢАДАН САЙЛАНБАҚ
Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, ауылдық округ әкімдеріне үміткерлерді ұсыну 2021 жылдың 26 маусымынан басталып, 2021 жылдың 9 шілдесі, сағат 18.00-де аяқталады.
Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасы Азамат Айманакумов кандидаттарға қойылатын бірнеше талаппен таныстырды.
— Ауылдық округ әкімі сайлауына кандидаттарды саяси партиялар өз мүшелері арасынан ұсына алады. Бұл ретте саяси партия бір сайлау округінде бір ғана кандидат ұсынуға құқылы. Ауылдық округ әкімі болып сайлану үшін Қазақстан Республикасы азаматының жасы 25-ке толған, іс-әрекетке қабілетті, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес, соттылығының және сыбайлас жемқорлық бойынша қылмысы, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасау фактілері болмауы керек, – деді аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы.
Сонымен қатар ол кез-келген азамат ауылдық округ әкімі лауазымына өзін-өзі ұсына алатындығын айтты.
— Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкіміне кандидат өзін-өзі ұсынған жағдайда дауыс беруге құқығы бар тиісті сайлау округі сайлаушыларының жалпы санының кемінде бір пайыз дауысының қолдауына ие болуы тиіс. Сайлаушыларды қолдау олардың қолдарын жинаумен куәландырылады, – деді Азамат Айманакумов.