Атырау облысын қарақұрт қаптады
Индер ауданында 10 адамды шағып, ауруханаға түскен. Барлығына дер кезінде дәрігерлік көмек көрсетіліп, қазір үйіне шықты, деп жазады 24.kz
Аудан әкімдігінің мәліметінше, Көктоғай, Елтай және Бөдене ауылдарында жағдай ушығып тұр. Бүгінге дейін 124 түйені қарақұрт шағып, оның он алтауы өлген. Қалғанын емдеп алған. Тек Ойсылқара тұқымына ғана емес, жылқы мен сиырға да зиянын тигізіп жатыр. Күн ысыған сайын қарақұрттың уы күшейе береді дейді мамандар.
«Осы қарақұрт шаққан малдарыңызды жедел түрде ветеринария мамандарына хабарлап, емдік шараларын тездетіп алуларыңызды сұраймыз. Былтырғы көрсеткішке қарағанда биылғы көрсеткіште қарақұрт шағу өте жоғары темпте көрсетіп отыр, — дейді Индер аудандық ветеринариялық станция басшысының орынбасары Ержан Әбішов.