Атырау облысы су тасу қаупі бар өңірлердің қатарына кірді
Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында су тасқыны туралы талқылады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің хабарлауынша, қардағы су қорының мөлшерін, топырақтың күзгі ылғалдылығын, оның қату тереңдігін талдай отырып, сондай-ақ қар астында мұз қабығының болуын ескере отырып, су тасқыны қаупі бар өңірлерге Ақмола, Абай, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Жетісу облыстары жатқызылды.
Ол өткен жылы су басудың негізгі себептері өзен арналарының толып кетуі мен балдырлануы, дренаждық-арық жүйелерінің болмауы, су қорғау белдеулерінде үйлер салу екенін атап көрсетті. Сонымен қатар қардың уақытылы шығарылуы, су айдау құралдарының болуы және өзендердегі мұздың әлсіреуі үлкен маңызға ие.
Оның айтуынша, бүгінде су басу қаупі аймағында 255 елді мекен, су жайылуға бейім 482 автомобиль және 600 астам теміржол учаскелері, су қорғау белдеулерінде 309 елді мекен бар.
Су тасқыны жағдайы қиындағанда жедел ден қою мақсатында 35 мыңнан астам адам, шамамен 11 мың бірлік техника, 12 дана «Қазавиақұтқару» әуекемесі, 650-ден астам жүзу құралы және 3 мыңнан артық мотопомпа санында күш пен құралдар топтамасы бар.
Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменованың айтуынша, республика аумағында барлығы 1 806 тірек гидротехникалық құрылыс бар. Осы жылдың қаңтар айындағы жағдай бойынша 1 322 ГТҚ зерттелді, 471 нысан жөндеуді талап ететіні анықталды. Қазір 41 ГТҚ қайта жаңартылуда.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев дайындық жұмысы аясында су тасқынына қарсы шаралар жоспары бекітіліп, орталық және өңірлік деңгейлерде комиссиялар құрылғанын айтты. Автожолдар мен жол құрылыстарына күнделікті қарау жүргізіледі. Инертті және басқа материалдарды дайындау басталды.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды және Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров өңірлердегі ағымдағы жағдай мен жұмыс жоспарлары туралы баяндады.
Баяндамашыларды тыңдаған Премьер-Министр биыл қыс қарлы болғанын және ауа райы күрт жылынып кетсе, су басу қаупі күшейетінін атап өтті. Бүгінде 255 елді мекен мен 100 мыңнан астам үй қауіпті аймақта тұр.
«Ақтөбе және Алматы облыстарында қазірдің өзінде елді мекендердің көшелерін су басып жатқаны туралы фактілер бар. Ауа райы болжамына сәйкес, биылғы ақпан айында оңтүстікте ауа температурасы мен жауын-шашын нормадан жоғары болуы мүмкін. Бұл – «айтып келетін апаттың» нағыз өзі. Сондықтан оңтүстік өңір әкімдіктері осы бастан су тасқынына қарсы жұмыстарды күшейтулері керек», – деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы өңірлер су тасқынына толық дайын еместігін айтты. Қажетті шаралар ұзақ уақыт бойы қабылданбай келеді.
«Дайындық жұмысының сапасына қатысты халықтың тарапынан да түсіп жатқан шағымдар аз емес. Өйткені олар өздерінің үй-жайына, мал-мүлкіне алаңдап отыр. Мәселен, Ақмола облысының Қошқарбаев ауылында Нұра өзенінің жағалауын бекіту жұмыстарына қаржы бөлінбей отыр. Онда әр жыл сайын тасыған су жағалауды бұзып өтіп, үйлерге дейін жетеді», – деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, Алматы, Абай, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарында, Астанада және Алматыда дренаждық жүйенің қатты жауын-шашын мен тасыған селге шамасы жетпейді.
Үкімет басшысы барлық өңір әкімдері қарды, әсіресе ауылдық елдім екендерде уақытылы шығаруды қамтамасыз етуі тиіс екенін атап өтті.
«Арықтарды, дренаждық жүйелерді, нөсер кәріздерін, өзен арналарын тазартып, уақытша бөгеттер тұрғызу керек. Өңір әкімдері Жол картасының іс-шараларын сапалы іске асыруды қамтамасыз етіп, өткен жылдардан орындалмай қалған проблемалық мәселелерді шешуге міндетті. Бұл ретте Төтенше жағдайлар министрі айтқан барлық ұсыныстар мен шараларды ескеру қажет. Әкімдер су тасқынын өздерінің қатаң бақылауында ұстасын», – деді Премьер-Министр.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, тағы бір маңызды мәселе – тасқын кезінде жолдардың шайылып кетуі мен бұзылуы. Мысалы, Қарағанды облысының тұрғындары жыл сайын жолдың шайылып кетуінен Нығман кентімен қарым-қатынас қиынға түседі деп шағымданады. Ауыл тұрғындары азық-түлік пен дәрі-дәрмек қорын алдын ала дайындап алуға мәжбүр.
«Мұндай жағдай болмауы тиіс. Әкімдік бұл проблеманы түпкілікті шешуі қажет. Осыған байланысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен өңір әкімдері жолдардың, көпірлер мен су өткізу бекеттерінің су тасқынына дайындығын қамтамасыз ету үшін жедел шаралар қабылдауы керек», – деді ол.
Үкімет басшысының пікірінше, гидротехникалық құрылыстардағы жағдай да алаңдаушылық тудырады. Ол Экология және табиғи ресурстар министрлігі республикалық баланстағы гидротехникалық объектілердің жағдайына ғана жауап беретініна айтты. Ал коммуналдық меншіктегі және жеке су қоймалары мен бөгеттер ұзақ жылдар бойы қараусыз қалып келеді.
«Қараусыз тұрған объектілердің иелерін анықтап, коммуналдық және жеке гидротехникалық құрылыстарды жөндеу шараларын әзірлеуі қажет. Қазірден бастап су қоймаларындағы судың деңгейін анықтап, оларға тұрақты бақылау жүргізу керек. Қажет болса, қауіпсіздікті сақтай отырып, ондағы суды алдын ала азайту шаралары қабылдансын», – деді Әлихан Смайылов.
Қорытындылай келе, Премьер-Министр су тасқынына қарсы барлық іс-шараларды, оның ішінде күштер мен құралдардың дайындығын үйлестіруді және сапалы іске асыруды қамтамасыз етуді, тиісті жедел штабтар құруды, сондай-ақ шекаралас мемлекеттермен судың шығыны және трансшекаралық өзендердегі қауіптің алдын алу туралы тұрақты түрде өзара мәлімет алмасуды ұйымдастыруды тапсырды.