Атырау облысы әкімдігінің қызметкерлері қайтыс болған полицейдің отбасына бір күндік еңбекақыларын аударады
Atr.kz/3 сәуір, 2019 жыл. Облыстық әкімдік қызметкерлері бір күндік еңбекақыларын қайтыс болған полицей Шалқар Ақымғалиевтің отбасына аударады.
«Сонымен қатар, қала әкімі Алимұхаммед Құттұмұратұлы оның әріптесі Рүстембек Сүндүтовті қабылдап, Құрмет грамотасын табыстады және адам құтқарудағы батыл әрекеті үшін алғыс айтты» делінген Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз — қызметі таратқан мәліметте.
Бүгін, 3 сәуірде Атырау қаласының әкімі Алимұхаммед Құттұмұратұлы полиция кіші лейтенанты Рүстембек Сүндүтовпен кездесті. Ол 21 наурыз күні кешкісін көпірден секірген әйелді құтқарып қалған болатын. Өкінішке қарай, сол түні қасында болған әріптесі Шалқар Ақымғалиевтің ғұмыры үзілді. Рүстембектің өзеннен жолдасын өздігінен тапқысы келген әрекеті сәтсіз аяқталды. 3 градустан аспайтын температурадағы суық судан 30 жастағы кіші лейтенант Сүндүтов жағалауға аман шықты. Рүстембек үйленген, екі баланың әкесі.
Атырау қаласының әкімі Рүстембек Сүндүтовке құрмет грамотасын табыстап, батыл әрекеті үшін алғыс білдірді.
Еске салсақ, 22 наурызда Наурыз мерекесін салтанатты атап өту кезінде Атырау облысының тұрғындары ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкері Шалқар Ақымғалиевті бір минут үнсіздікпен еске алып, рухына тағзым еткен болатын.
Батырды соңғы сапарға шығарып салу рәсіміне жүздеген азаматтар жиналды. Аймақ басшылығы мен облыстық полиция департаменті полицейдің жерлеу рәсіміне байланысты шығындарды көтерді.
“Atr – Ақпарат”