Атырау облыстық прокуратурасы «Ашық есік» күнін өткізді
Заңдылық пен құқықтық тәртіп – ел болашағының іргетасы. Дәл осы мақсатта Атырау облыстық прокуратурасы жастарға «Ашық есік» күнін өткізді.
Прокуратура саласы қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында өткен шараға Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті мен Каспий өңірінің қазіргі заманғы жоғары колледжінің құқтану мамандығының студенттері қатысты. Олар заңды қадағалайтын органның құрылуы мен тарихы жайлы біліп, қызметтегі ерекшеліктермен танысты.
Облыс прокурорының бірінші орынбасары Бекжан Ермұханбетұлы прокуратура органдарына қызметке орналасу тәртібі мен шарттарын түсіндірді.
– Президент «халық сеніміне ие болудың негізгіжолы – құқықты барынша қорғау» деген еді. Сондықтан прокурор әр іс бойынша оңтайлы шешім шығарып, заң үстемдігіне қол жеткізу қажет. Прокурор боламын деушілер алғашқы дайындықтан өтіп, мүмкіндігін дәлелдейді, — деген ол жастарды әділдікті ту еткен салада жұмыс істеуге шақырды.
Кездесуде облыс прокуратурасы органдарының ардагерлер қоғамының төрағасы Әйкен Құмғанбаева «саламен етене таныстыруды мақсат тұтқан шараның болашақ маман иелері үшін маңызы зор» деді.
Бұл күні студенттер қадағалаушы органның қызметкерлеріне сауалдарын қойып, азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған жұмысын өз көздерімен көрді.
Майра СЕЙІТҚАЛИҚЫЗЫ