Атырау облыстық онкологиялық диспансері электронды кезек аппаратына жарияланған конкурсқа түсінік берді
Atr.kz / 15 шілде, 2020 жыл. «Диспансерге электронды кезек аппаратын қою – халықтың сұранысына сай жағдай жасау əрі медицинаны заман талабына сай технологиямен қамтамасыз ету» дейді Атырау облыстық онкология диспансері директорының міндетін атқарушы Эльмира Сапарова» деп хабарлайды облыстық коммуникациялар қызметі.
«Онкологиялық диспансер – электронды кезек аппараты жоқ жалғыз медициналық мекеме. Диспансерге келетін науқастар санының көп болуы себепті, кезекке байланысты емделушілер арасында үнемі түсінбестік болып жатады. Жəне бұл аппаратқа сұраныс өткен жылы берілген болатын. Сұраныс бойынша қаражат бұл жылдың екінші жартыжылдығына келіп отыр.
Бастапқыда бағасы 6 миллион теңгеден басталған аппараттың бағасы қазір қымбаттап кеткен. Мұның себебін жеткізушілер пандемияға байланысты тасымал жағдайының күрделенуімен түсіндіруде.
Мемлекеттік сатып алу туралы заңдылық тәртібіне сәйкес, тендерге Қазақстанда өкілдігі бар кез-келген компания қатыса алады» дейді Атырау облыстық онкология диспансері директорының міндетін атқарушы Эльмира Сапарова.
Айта кетелік, онкология ауруының деңгейі бойынша Атырауда ахуал күрделі.
«Норматив бойынша, диспансер дәрігерлері күніне 50 науқасты қабылдауы тиіс. Бірақ, біздің дәрігерлеріміз күніне 200 адамға дейін қабылдап отыр. Оның үстіне, диспансерден азаматтар скринингтен өтеді» деп нақтылады спикер Эльмира Сапарова.