Поэзия падишасы Фариза Оңғарсыноваға естелік тақта қойылды (ФОТО)

ANU 9518 Білім

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Фариза Оңғарсынованы еске алуға арналған кеш өтті. Оған Астана, Алматы қалаларынан келген әдебиет майталмандары қатысты.

ANU_9518

Қазақ поэзиясының падишасымен қоштасқалы үш жыл таяды. Сағынышқа толы  еске алу шарасы облыс орталығындағы Фариза Оңғарсынованың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Бұдан әрі аталған оқу орнының қабырғасында Халық жазушысының құрметіне естелік тақта ашылды.

ANU_9538

Содан соң елге таныс зиялы қауым өкілдері, ел ағалары студенттермен кездесіп, жыр падишасы жайлы сырларымен, естеліктерімен бөлісті.

ANU_9589

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мереке Құлкенов: «Егер қыз бала ертең қазағыма бір пайдам тиеді деп өспесе, одан ештеңе шықпайды. Осындай ой түйген Фариза өзін ақын етіп қалыптастырды»,-деп, оның мінезіне тән ерекшеліктерді баса айтты.

Сондай-ақ, кеште белгілі сатирик Көпен Әмірбек, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әлібек Асқаров, ақын Оңайгүл Тұржан Фаризаның поэзия әлеміндегі өзіндік қолтаңбасы туралы кеңінен әңгімеледі. Ал, университет профессоры Қадір Жүсіп ұлдар поэзиясы мен қыздар поэзиясы арасындағы қақпаны құлатқан Фариза екеніне тоқталды. Ол ақынның жақында жарыққа шыққан 12 томдық шығармалар жинағымен таныстырды.

ANU_9541

Кеш қонағы Қазақстанның және Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор  Илья Жақанов көзі тірісінде Фаризаның сүйіп тыңдайтын «Балқан тау», «Ақбөбек» әндерін орындады. Сағынышқа толы тамаша кеште поэзияға құштар студенттер ақынның өлеңдерін нақышына келтіре оқып, шараның сәнін келтірді.

Университет ректоры Абзал Тәлтенов ақын рухын ардақтап келген кеш қонақтарына алғыс айтып, журналистика мамандығының екінші курс студенті Ақтілек Абаеваға Фариза атындағы стипендияны табыс етті.

ANU_9913

Сейіт ҚАСҚАБАСОВ, академик, филология ғылымдарының докторы: Фаризаның өлеңдерінде өмірге, адамға деген махаббат мол. Оның жырлары жан-жақтылығымен ерекшеленеді. Ол әдебиетке қанша ырғақ, ұйқас, шумақ әкелді десеңізші! Оның өзі бір әлем. Бүгінде Фариза өнері әлі зерттеліп болған жоқ. Дегенмен, оның поэзиясы Мұқағали, Мағжандардың өнері сынды ғасырдан ғасырға жалғаса бермек. Ол – нағыз классик ақын.

Мырзагелді КЕМЕЛ, қоғам қайраткері: Мен 18 жыл бойы Фаризамен бірге қызмет еттім. Соның ішінде Парламентте тоғыз жыл жұмыс істедік. Ол өте өжет, қайсар еді. Сол кезде қазақ тілінде жазылған «Балалар құқығы туралы» бір-ақ заң болса, оны тұтастай жазып шыққан Фариза болатын. Бұл қандай жұмысты істесе де, жан-дүниесімен беріліп жасайтын Фаризаның ерекше қасиеті еді. Бүгінде ақынның осы қасиеті өскелең ұрпаққа үлгі болуы тиіс. Оның сөз өнеріне берілгені соншалық, өмірінің соңғы шақтарында, ауруханада болса да Пушкиннің шығармаларын қазақшаға аударып жатты. Бұл оның жігерлігінің арқасы еді. Ақынның бүгінге дейін 10, 12 томдық шығармалар жинағы жарыққа шықты. Ендігі уақытта оның жазып кеткен дүниелерінің барлығын жинақтап, 20 томдық шығармалар жинағын шығарсақ деймін.

ANU_9602

Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз