Атырау музейінде танымал күйшілердің домбырасы сақтаулы тұр
Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде елімізге танымал күйшілердің домбырасы сақтаулы тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Музей директоры Мұханбетқали Кипиевтің айтуынша, музей қорында күйді кейінгі ұрпаққа жеткізуге үлес қосқан танымал өнер адамдарының домбыралары сақталған. Былтырдан бері қос ішекті аспаптың қатары бірнеше домбырамен толыққан.
Мәселен, мемлекет және қоғам қайраткері, ұлттың өнердің жанашыры Иманғали Тасмағамбетов үш домбыра тапсырған. Оның біріншісі – күйші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Секен Тұрысбековтың домбырасы.
Ұлттық аспаптың шанағы – бұйра қайың, беті – еуропалық шырша, мойыны – қарағай, тиегі – бубинга, оюы сүйек ұнтағымен көмкерілген. Домбыраны шебер Қуаныш Төлебаев жасаған.
Екіншісі – күйші-домбырашы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Айгүл Үлкенбаеваның домбырасы. Шебер Нұрбек Әділбековтің қолынан шыққан домбыраның шанағы, мойыны және басына – канадалық үйеңкі, бетіне шырша ағашы қолданылған.
Үшіншісі – күйші-домбырашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылбек Еңсеповтың домбырасы. Бұл домбыраны жасаған кезде шебер Жолаушы Тұрдығұлов аспаптың шанағы мен тиегіне қара ағашты, бетіне Тянь-Шань шыршасын, мойнына май қарағайды пайдаланған. Ал, мойын бетіне қызыл ағашты басы мен құлағына үйеңкіні қиюластырған.
Мұнда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Кәрима Сахарбаеваның өзі тапсырған домбыра сақтаулы тұр. Екі ішекті, он сегіз пернелі домбыраның бет тақтайы өрнектелген. Түбіне ішек байланатын кіндік ағаш орнатылған. Домбыра саз аспаптарын жасаушы шебер Бисенғали Мырзағалиевтің қолынан шыққан.
Тағы бір аспап – «Асыл домбыра-2022» ақындар айтысының ақтық сайысында өнер көрсеткен жергілікті ақындар Шынарбек Қабиев, Сырымбек Сәрсембаев және Шалқарбай Ізбасаров иеленген домбыра. Музей қорына «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы Берік Уәли мен «Assyltas» қоғамдық қорының директоры Дулат Тастекеев тапсырған.
Ал, биылғы 17 мамырда ұрпақтан-ұрпаққа жеткен домбыраның бірін Қ. Қайсенов атындағы №33 орта мектеп музейінің жетекшісі Т. Жиенәлиева әкелген. Домбыраны Б. Досбайұлы ұрпағына аманаттап, бірнеше буынға жеткізген. Кейін көненің көзіндей сақталған ұлттық аспапты келіні К. Нәбиева 2011 жылы мектеп жанындағы музейге берген. Бұл домбыра биыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде өткізілген «Қоғамдық музейлер қазынасы» облыстық көрме-байқауында үздік туынды ретінде танылған.