
Атырау мұнай және газ университеті Қытайдағы Ляонин университетімен меморандумға қол қойды
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов ҚХР-ға жұмыс сапары аясында көрші елдің энергетика саласында мамандырылған, 10-нан аса ғылыми институты бар, көпсалалы білім беретін Ляонин мұнай-химия университетінің ректоры Лю Цзянь бастаған делегациямен кездесті.
Іс-шара барысында С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті мен Ляонин мұнай-химия университеті ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Осы құжаттың аясында қос жоғары оқу орнының студенттері мен оқытушылық құрамы екі университетте білім алып, тәжірибе алмасуды жоспарлап отыр. Бұл келісім екі елдің ғылыми және академиялық қауымдастықтар арасындағы өзара байланысты нығайта түспек. Сондай-ақ ғылыми зерттеу жобаларын бірлесіп жүзеге асыруға, кадрлық әлеуетті арттыруға, оған қоса үлкен тәжірибе жинауға мүмкіндік туды.

— Ляонин провинциясында мұнай-газ химиясы қарқынды дамып жатқаны бәрімізге белгілі. Сондықтан өндіріске қажетті білікті мамандарды дайындайтын, соңғы технологияларды меңгеруге тырысатын қос оқу орны үшін тәжірибе тиімді екені сөзсіз. С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің де жеткен жетістігі аз емес. Жоғары оқу орны заманауи зертханалармен, цифрлық оқыту құралдарымен жабдықталған. Бұдан бөлек мұнай-газ саласында жұмыс істейтін ірі компаниялармен тығыз өндірістік байланыс орнатқан. Бүгінде Атырау өңірінде мұнай-газ химиясын дамыту бойынша бірқатар жоба қолға алынды. Геология, автоматтандыру мәселесі де маңызды. Бүгінгі меморандум осы бағытта бірлесіп жұмыс істеп, саланы дамытуға үлкен мүмкіндік береді деп ойлаймын,-деді облыс әкімі Серік Шәпкенов.
Атырау мұнай және газ университеті бүгінде жыл сайын мұнай-газ, энергетика, экология, инженерия және ІТ саласы бойынша білікті мамандарды оқытып, өндіріске жіберуде. Дуалды оқыту жүйесі мен шетелде тағылымдамадан өту жұмысы да жолға қойылған.

— Бүгінде жоғары оқу орнына қарасты оқу-өндірістік полигоны салынып жатыр. Бұл — салаға білікті кадр дайындауға мүмкіндік беретін таптырмас алаң. Алдағы уақытта қос университет арасында қосдипломды бағдарлама, студенттермен және оқытушылармен алмасу бағытында келіссөздер жүргіземіз,- деді С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетіндегі халықаралық ынтымақтастық орталығының жетекшісі Ақмөр Жомарт.