Атырау мұнай өңдеу зауыты жаңа рекорд орнатты
2024 жылдың соңында Атырау мұнай өңдеу зауытында тағы бір рекордтық көрсеткіш – өндірістік жарақатсыз және қызмет уақытын жоғалтпай 14 миллион адам-сағат немесе 1 501 күн тіркелді.
Тарихи көрсеткіш – зауыттың барлық құрылымдарының жүйелі жұмысының, сондай-ақ әрбір қызметкердің еңбек қауіпсіздігі мәселелеріне жауапкершілікпен қарауының нәтижесі.
Қауіпсіз еңбек жағдайлары – Атырау мұнай өңдеу зауытының қызметіндегі басым бағыттардың бірі. Кәсіпорында нысандардың қауіпсіз және апатсыз жұмысын қамтамасыз етуге, сондай-ақ жұмысшылардың санитарлық-тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған профилактикалық іс-шаралар кешені жүзеге асырылуда.
Сондай шаралардың бірі – «Қорғау» сигналдық карталары. Басты мақсат – апаттық жағдайларға, инциденттерге немесе жазатайым оқиғаларға әкелуі мүмкін жайттарды анықтап, алдын алу. Зауыт қызметкері қандай да бір бұзушылық байқаса, анықталған жерді, бұзушылықтың сипаттамасын және жағдайды жою туралы ұсынысын сигналдық картаға жазып, оны барлық бөлімшелерде орнатылған арнайы жәшікке салады. Хабарламаның мұндай форматы зауыт жұмысшыларының еңбек жағдайын жақсарту және еңбекті қорғау мәселелеріне араласу деңгейінің жыл сайын артып келетінін көрсетеді. Егер 2023 жылы қызметкерлер 202 сигналдық карта толтырған болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 598-ге дейін өсті. Кәсіпорында қауіпсіздік мәдениетін дамытуға үлес қосып жүрген қызметкерлер бір реттік сыйлықақымен марапатталады.
«Өндірістік жарақатсыз 14 миллион адам-сағат жұмыс істеу – бұл қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтап, әріптестерінің де қауіпсіздігін ойлайтын зауыттың әрбір қызметкерінің еңбегі. Қауіпсіздік жүйесін үнемі жетілдіріп отырудың арқасында зауыт бұдан да биік белестерге сенімді түрде қадам басып келеді. 14 миллион адам-сағат – бұл жай ғана статистика емес. Бұл – зауыттың 2 500-ден астам қызметкері мен олардың отбасы мүшелерінің денсаулығы, өмірі мен қауіпсіздігі», — деді еңбекті, қоршаған ортаны қорғау және азаматтық қорғаныс департаментінің директоры Еркін Сүлейменов.
Сигналдық карталардан бөлек рекордық көрсеткішке жетудің басты себептерінің қатарында зауыттық нұсқауларды жаңарту, Өмірлік Маңызды Қағидаларды енгізу, қауіпті жұмыстардан бас тарту құқығы, апаттарға қарсы тұрақты оқу-жаттығулар, өндірістік-техникалық дәрістер, аутсорсинг қызметкерлерін жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз ету, энергия көздерін оқшаулау жүйесін енгізу, ауысым алдындағы медициналық тексеру жұмыстарын цифрландыру, сондай-ақ қызметкерлерді «ҚазМұнайГаз» АҚ ҰҚ-ның еншілес ұйымдарында орын алған барлық жазатайым оқиғалар туралы хабарландырудың тиімді жүйесін атауға болады.
2025 жылы АМӨЗ еңбек қауіпсіздігін жақсартуға бағытталған жүйелі жұмысты, сондай-ақ жаңа құралдарды енгізу арқылы қызметкерлердің қауіпсіз еңбек үшін жеке жауапкершілігін арттыру бойынша іс-шараларды жалғастыруды жоспарлап отыр.