АҚ ЖОЛ САҒАН, ЖАС МАМАН!

Махамбет атындағы қазақ драма театрында облыстағы кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарының үздік бітірген түлектеріне арналған «Ақ жол саған, жас маман!» салтанатты шарасы өтті.

Аймақта 24 кәсіптік-техникалық білім беретін колледж жұмыс жасайды. Онда 67 мамандық бойынша 18 мыңдай студент білім алуда (15 мыңнан астамы – күндізгі бөлімде – ред). Биыл сол колледждерден 4404 түлек қанат қағып, мамандық иесі атанып отыр. Оның ішінде, 474-і үздік диплом иегері болса, 35-і – республикалық, облыстық деңгейдегі түрлі білім байқауларының жеңімпазы.

Колледж түлектерінің қолдарына салтанатты түрде диплом ұстатып, үлкен өмірге шығарып   салу   шарасына  қатысқан облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан мамандық иелерін құттықтап, ақ жол тіледі.

– Облыстағы колледждерді жыл сайын төрт мыңнан астам түлек бітіріп шығады. Техникалық колледждер еліміздің білім саласымен қоса индустрияландыру саясатын жүзеге асыруда маңызды рөл атқаруда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев техникалық колледждерге үлкен мән беру керектігін әр Жолдауы сайын айтып келеді. Облыстағы техникалық білім беру саласындағы үлкен жобаның бірі – республика бойынша  ең  алғаш Атырауда  ашылған мұнай-газ мамандарын даярлау және қайта даярлау орталығы. Кәсіпорындар мен колледж басшылары тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасауы тиіс. Егер сұранысқа сай мамандар даярланса, кәсіпкерлер палатасымен тығыз байланыста жұмыс жасалса, жас мамандарды жұмысқа орналастыру бойынша көп мәселе туындамайды. Соңғы курста оқып жүрген әр студент «оқуымды бітірген соң жұмысқа қайда орналасамын?» деп бас қатырып, уайымдап жүрмей, қолына диплом алған сәтте қай мекемеде қызмет атқаратынын анық біліп отыруы тиіс. Облыстық бюджеттен грант бөлу мәселесі де қай колледж қанша студентті жұмысқа орналастырғанына байланысты жүзеге асатын болады, – деп, Шыңғыс Жұмабекұлы нақты тапсырмаларды қадап айтып, бірнеше үздік түлекке дипломдар мен сый-сияпат табыс етті.

Колледждер тарапынан да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Түрлі кәсіпорындармен 609 келісімге қол қойылып, биылғы түлектердің ішінде 2362-сі жұмыспен қамтылып қойған. Ол 53,6 пайызды құрайды. Ал, 551 түлек жоғары оқу орындарында білімдерін жалғастыруға ниет білдіріп отыр. Облыстық білім беру басқармасы қызметкерлерінің айтуынша, колледж түлектерін жұмысқа орналастыру жұмыстары әлі де жалғасатын болады.

«Атаба» ЖШС-нің директоры Асқар Таубаев, «Георал» компаниясының менеджері Игорь Веселов, «Альянс СК» ЖШС-нің директоры Кенжетай Рамазанов, «Казком-С» ЖШС-нің директоры Сағындық Байзақов, «Абылайхан Групп» АҚ-ның президенті Марат Ысмағұлов, республикалық ветеринарлық зертхана мемлекеттік кәсіпорындарының Атырау облыстық филиалының директоры Айжан Дәулетиярова, №43 «Арман» балабақшасының меңгерушісі Сәуле Нұрмұқашева және «Тенгизстройсервис Групп» ЖШС-нің өкілі Қали Жұмашевтар өздері таңдаған колледждер түлектерін қызметке қабылдауға келісім беріп, салтанатты шара барысында оларға еңбек кітапшаларын табыс етті.

Бизнес өкілдері атынан сөз алған «Казком-С» ЖШС-нің директоры Сағындық Байзақов 65 жылдық тарихы бар Атырау индустриалды колледжімен дуальдық оқыту жүйесі бойынша тығыз байланыста жұмыс жасап келе жатқандықтарын айтып, аталған оқу орнының көптеген түлектері серіктестікте қызмет атқаруда екендігін жеткізді.

Сондай-ақ, «Абылайхан Групп» АҚ-ның президенті Марат Ысмағұлов Атырау политехникалық колледжінің студенттері мұнай бұрғылау саласында өндірістік тәжірибеден  жиі  өтетіндерін  айтты.  Алдағы уақытта мұнай-газ өнеркәсібі экономикалық өсімнің басты қозғалтқышы болатындығына тоқталып, аталған колледж түлегі Әли Қадыровты жұмысқа қабылдап жатқанына қуанышын білдіріп, сәттілік тіледі.

Атырау сервис колледжінің аспазшы мамандығының үздік түлегі Айзада Зинуллина өзін жұмысқа қабылдап, сенім білдіріп жатқан «Атаба» ЖШС-нің басшылығына алғысын білдіріп, болашақта өзінің жеке кәсібін ашу арманы екенін айтты.

Кемел келешекке қадам басқан колледж түлектері атынан Зухра Нағымбекова мен Аслан Чапаев  білім  нәрімен сусындатқан ұстаздарына деген шексіз алғыстарын жеткізіп, болашақта ел абыройын асқақтатып, экономикасын өркендетуге бар күш-жігерлерін салатындарына уәде берді. Ал, ұстаздарға ата-аналық алғысын жаудырған Сәния Долданова да балаларға ақ батасын берді.

Салтанатты шара колледж оқушылары ұйымдастырған концерттік бағдарламаға ұласты.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Суреттерді түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз