Атырау мұнай өңдеу зауыты қала аумағынан көшіріле ме?
Атырау қаласының шетінде орналасқан мұнай өңдеу зауыты басқа жерге көшірілмейді. Бұл туралы бүгін Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов айтты.
«Зауыт қаланың шетінде орналасқан. Үш кезеңмен жаңғыртудан өтті. 40-шы жылдары салынғанымен жаңғырту жұмыстарынан кейін жаңа зауыт деп айтуға толық келмесе де технологиялары қазіргі талаптарға сай. Зауыт қазіргі уақытта Еуро стандартпен К-4, К-5 маркалы бензин шығарады. Дегенмен экологияға теріс әсерін тигізеді. Бұзушылықтар да анықталады. 1 қарашада осы зауыттан булану алаңдарына толық тазартудан өткізбей ағызылған төгінділерді байқадық.
Соған, жалпы экологияға байланысты біз жақында ірі компаниялардың басшыларымен жиын өткіздік. Оған зауыт басшылығын да шақырдық. Оларға экология талаптарын сақтау, талапқа сай жұмыс істеу керектігін тағы ескерттік», — деді Махамбет Досмұхамбетов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспсөз мәслихаты барысында БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Оның атап өтуінше, Атырау мұнай өңдеу зауытында болған оқиғаға байланысты тиісті тексеру жұмыстары Экология департаменті тарапынан жүргізіліп жатыр. Қажет болған жағдайда Экология министрінің, «ҚазМұнайГаз» компаниясының және зауыттың басшылығының қатысуымен аталған мәселеге қатысты тағы жиын өткізіледі. Содан кейін тиісті шаралар қолданылады.
«Ал зауытты қаладан көшіруге қатысты айтар болсам, ондай жоспар жоқ. Зауытты көшіру мәселесі әзірге қарастырылмайды», — деді Атырау облысының әкімі.
«Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі»