«Атырау мұнай өңдеу зауытында» өрт шықты
Кеше сағат 19.21-де өрт оқиғасы тіркелген. «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС баспасөз қызметі хабарлағандай, бұған сорғы жабдығының қабылдау желісіндегі ілмекті арматураның ашылып, саңылауланғаны себеп болған.
Өрт қалалық өрт сөндіру жасағының қатысуымен ӨСБ-16 өрт сөндіру бөлімінің күшімен ауыздықталды. Оқиғадан кейін таратылған баспасөз хабарламасында айтылғандай, «қондырғы персоналы «Апатты жою жоспарына» сәйкес, технологиялық жабдықты апатты тоқтатуға дереу кіріскен. Апатты тоқтату процесінде төрт технологиялық пештің бірінде конвенция камерасының иректі тұрба түтігінде саңылау орын алып, пештің іші тұтанған».
Сағат 20.06-да тұтанған өрт толықтай өшірілді. Құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Зауытта қалпына келтіру жұмыстары басталды, екінші блокта жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанға дейін қондырғы уақытша төмендетілген жүктемемен (бір технологиялық блокпен) жұмыс істейтін болады. Мұнай өңдеу көлемі төмендетілмеген және мұнай өнімдерін жоспарлы тиеу жұмыстары қалыпты режимде жалғасатын болады, деп хабарлайды «Атырау мұнай өңдеу зауытының» баспасөз қызметі.
Абай АБЫЛАЙҰЛЫ.