«Atyrau Marathon — 2019» — дәстүрлі халықаралық жарысқа үш мың адам қатысады
Atr.kz/3 сәуір, 2019 жыл. Бүгінге дейін мың жарым қатысушы жүгіруге тіркелді, деп хабарлайды Атырау облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Биыл үшінші рет өткелі отырған дәстүрлі марафон кең көлемде болады және үш мыңға жуық қатысушы бақ сынайды деп күтілуде. Бүгінге дейін Қазақстанның ірі қалалары — Нұр-Сұлтан, Алматы, Өскемен, Орал, Ақтөбе, Көкшетаудан желаяқтар бұқаралық жүгіруге қатысуға өтінім берді. Үшінші қайырымдылық жүгіру шарасындағы бес қашықтықтың біріне қатысуға шетел азаматтары-мұнай компанияларының мамандары да ниет білдірген.
— Қатысушылардың таңдауына бес қашықтық 42 км, 21 км, 10 км, 3 км, 1, 2 км (балаларға арналған) ұсынылады. Жеңімпаздар жастарына қарай 76 санат бойынша марапатталады. Жалпы жүлде қоры 5 млн теңге, -дейді «Atyrau Marathon -2019» ұйымдастыру комитетінің вице-президенті Юрий Пономарев.
Ұйымдастырушылардың айтуларынша, ең алыс үш қашықтыққа қатысу үшін ақшалай төлем жасау керек, түскен барлық қаражат қайырымдылық мақсатқа — жетім және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балаларына жұмсалады.
3 және 1,2 км қашықтыққа жүгіруге қатысу тегін. Марафонның барлық қатысушыларына естелік медаль беріледі, ал жүлдегерлерді демеушілер дайындаған арнайы сыйлықтар күтіп тұр.
«Atyrau Marathon — 2019» ҚР Тұңғыш Президенті жариялаған Жастар жылы аясында өтеді. Әр түрлі қашықтықтағы жүгіруге қала мен облыстағы жастар өкілдері қатысады.
-Жастар саясатын дамыту — қоғамдағы басты бағыттың бірі. Ел болашағы жастардың қолында. Қай салада болса да жоғары нәтиже көрсетіп, саламатты өмір салтын қолдап, спортпен шұғылдану керек. Сондықтан, біз өңір жастарын марафонға белсенділікпен қатысуға шақырамыз, — дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ринат Ибрагимов.
«Atr — Ақпарат»