Атырау мәдениетінде миллиард теңгеден астам қаржы дұрыс жұмсалмаған

a74fd69d ea17 47eb 968a 3e6a72fbec57 Жаңалықтар

Атырау облысы бойынша Тексеру комиссиясының кезекті отырысы өтті. Онда облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен оған қарасты квазимемлекеттік сектор субъектілеріне бөлінген бюджет қаражатының пайдаланылуына жүргізілген мемлекеттік аудиттің – тексру іс-шарасының қорытындылары жария етілді. 

Бұл туралы Атырау облысы бойынша Тексеру комиссиясының мүшесі Нұрбол Қонысов баяндады.

Оның айтуынша, тексеріспен қамтылған 15 аудит нысаны бойынша барлығы 1,3 млрд. теңгенің бұзушылығы анықталған. Оның ішінде, қаржылық бұзушылықтар – 30,2, тиімсіз жоспарланған бюджет қаражаты – 903 және тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражаты – 370,4 млн. теңгені құраған. Сонымен қатар, 177 рәсімдік бұзушылық және 6 жүйелік кемшілік дерегі орын алған. Бұған негізінен алғанда, басқарма бағынысындағы кәсіпорын-мекемелердің даму жоспарына енгізілген міндеттемелері мен индикативтік көрсеткіштерініің тиісті талаптарға сай бекітілмеуі, сонымен қатар оларды жүзеге асру бағытындағы жұмыстардың өз деңгейінде жүргізілмеуі себепші болған.

Мәселен, тексеру кезінде басқармаға қарасты 6 квазимемлекеттік субъектіде жалпы құны 576 млн. теңгені құрайтын 43 бірлік автокөлік құралын пайдалануда олардың атқаратын қызмет түрлеріне қатысты сәйкестік нормативтері сақталмаған болып шықты. Соған байланысты, бұл автокөліктердің негізділігін бағалау мүмкін болмаған. Сол сияқты, сапасыз жоспарланып, жасақталуынан бекітілген мәдени іс-шаралар белгіленген мерзімінде өткізілмеген. Керісінше, олардың орнына кестеге салынбаған, жоспардан тыс іс-шаралар ұйымдастырылған. Сәйкесінше, қаралған қаражаттың басым бөлігі соған жұмсалған. Оған қоса, жоспарланған іс-шаралардың өзі де басқарма мен оған қарасты мекемелерде құрылған көркемдік кеңесте талқыланбаған. Нәтижесінде, жалпы сомасы 860 млн. теңгеден астам қазына қаражатының тиімсіз, яғни мақсатсыз пайдаланылғаны белгілі болып отыр.

«Музей түніне» кеткен миллиондар

Аудит қорытындысында бұдан басқа да біраз былықтардың беті ашылғаны мәлім болды. Мысалы, 2019 жылы облыстық тарихи-өлкетану музейінде өткізілген «Музей түні» іс-шарасын ұйымдастыруға бюджеттен 3,6 млн. теңге, сонымен біргеШ.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы өнер музейіндегі осы мазмұндас шараға 1 млн.теңге бөлініпті. Ал, шын мәнісінде мұндай шаралар бюджеттен қаржыландыруды талап етпейді, яғни оған қаражат қаралмайды екен. Бұл ретте атап айтар өрескел кемшіліктің бірі – облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы тарапынан бағыныстағы кәсіпорындармен арада жасақталып, бекітілетін шығыстар сметаларында көрсетілген жұмыстар мен қызметтер құнының сомалары олардың нақтылығын негіздейтін құжаттармен анықталмауы болып табылады. Сондай-ақ, бюджетті нақтылаған кезде оның шығыс бөлігіне қосымша тармақтар енгізу қажеттілігін айқындайтын есептеулер толық немесе анық көрсетілмегеніне көз жеткізілген. Мысал келтірсек, мәдени іс-шаралар тізіміндегі гүл композицияларын безендіру, ықылас гүлінің бағаларын талдау барысында шығындар түрлі бағада жоспарланған.

Бір кітапты – екі есе бәсіне

Баяндамада атап көрсетілгендей, алдыңғы жылы Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармония 130 млн. теңгеге әрқайсысының құны 6500 теңге тұратын 20 мың дана кітапты сатып алған. Ал, нақтысында бұл кітаптардың нарықтағы орташа бағасы 3050 теңге болып шықты. Сөйтіп, тексерушілер бұл жолы да 69 млн. теңге көлеміндегі бюджет қаражатының тиімсіз немесе мақсатсыз шығындалғанын дәлелдеген. Мұның сыртында, мәдениет мекемелерінде еңбекақы, сыйақы, жәрдемақыны және іссапар шығындарының есептеліп, төленуінде де тиісті заңнама талаптарының бұзылуына жол берілген. Осыдан келіп, бұл мақсаттарға 9,2 млн. теңге бюджет қаражатыны артық, яғни негізсіз төленіп кеткен.

Жоспарға енгізбестен, еншілеген

Осындай ақпараттарымен бөліскен Нұрбол Айтбайұлы одан әрі 2019-2021 жылдары аудитпен қамтылған бес аудит нысаны (облыстық мәдениет басқармасы, облыстық тарихи-өлкетану музейі, Махамбет атындағы Академиялық қазақ драма театры,, Дина Нұрпейісова атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі және Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармония) бойынша мемлекеттік сатып алулар жоспрарында көзделмеген тауарлар мен қызметтерді сатып алуға 360 млн. теңге қазына қаражаты шығындалған. Анығын айтқанда, заң талабына сәйкес алдын ала өткізілуі тиісті мемлекеттік сатып алу рәсімдері өткізілместен, осынша қаражат мақсатсыз жұмсалған. Оның үстіне, жоғарыда аталғандардың ішінен үш мекемеде 13,7 млн. теңгеге сатып алынған мүліктер мен құралдардың пайдаланылмай тұрғаны да мәлім болды.

–Бұған қоса, мәдениет мекемелері қызметінің тиімділігі басқару жүйесін бағалау жөнінде жүргізілген сауалнама нәтижелері де бұл салада заңдылыққа қайшы келетін кемшіліктердің басымдығын айқындай түсуге мүмкіндік берді. Жалпы алғанда, есепті мерзімде барлығы 115 аудит материалы әрмен қарай шара алу үшін уәкілетті органдарға жолданды. Аудит қорытындыларын қарау жөніндегі комиссия отырысына дейін кемшіліктерге кінәлі деп танылған 5 лауазымды тұлғаға әкімшілік жазалау шарасы ретінде 3,6 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды, – деді сөзінің соңында баяндамашы.

Күн тәртібіндегі мәселеге орай ой-пікір, ұсыныстарын ортаға салған Тексеру комиссиясының мешелері облыстық мәслихаттың депутаттары бірауыздан «Мемлекет қаражаты тиімді әрі мақсатты игерілуімен құнды» деген пікірге келді. Өз кезегінде, қазына қаржысының қалай болса солай болса жұмсалуына жол бергендерді аяусыз жазалап, қатаң жауапкершілік тарту қажеттігін меңзеді.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз